"Шипажайға ем алуға келген": Абай облысы тауларында шетелдік азаматтың мәйіті табылды

Абай облысының тауларынан жоғалып кеткен туристің денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, 33 жастағы шетелдік жартастан құлап, сол жерде қаза болған.
“Міне, ол жартастан құлап кеткен. Қайтыс болған. Осы жерде екі-үш күн жатқан”, – делінген хабарламада.
Қайғылы оқиға Мақаншы ауданындағы Барлықарасан ауылы маңында болған. Өзбекстан азаматы бес күн бұрын тауға шығып, қайта оралмаған. Алғашында оны танысы іздеген. Алайда үш күннен кейін ғана полицияға хабар берілген.
Іздеу жұмыстарына 90-нан астам адам, полицейлер, шекарашылар, құтқарушылар және табиғатты қорғау инспекторлары жұмылдырылды. Нәтижесінде ер адамның мәйіті табылды. Оның демалыс және шипажайдан ем алу үшін келгені белгілі болды.
Абай облысы полиция департаменті Мақаншы аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділ Ковнашаров мән-жайды айтты.
“Ер адамның денесі жартастың етегінен табылды. Бұл жазатайым оқиға”, – деді Ковнашаров.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда табиғи маңызы бар аймақты туристер әсерлі видео үшін көлігімен бүлдіргені туралы жазған едік.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен
Оқыңыз