Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға келуі мүмкін: Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегі туралы мәлімдеме жасады

 
Фото: freepik

Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегі бойынша өз бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеді. Өз мәлімдемесінде Қазақстанға келуі мүмкін болса да, ықтималдығы төмен екенін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Айта кетсек, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында маймыл шешегіне күдікпен бес адам ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. 

Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі аурудың Қазақстанға келу қаупі барын айтты. 

Алайда маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланып отыр. Мамандар мұны аурудың берілу ерекшеліктерімен байланыстырады.

Инфекцияның елге сырттан келуіне және таралуына жол бермеу үшін бірқатар шара қабылданған. Атап айтқанда:

  • мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілді;

  • маймыл шешегі тіркелген елдердегі жағдай және сол мемлекеттерден келген адамдар бақылауда;

  • шекара бекеттерінде жолаушылардың дене қызуын қашықтан өлшейтін құрылғылар бар;

  • ауруды ерте анықтау үшін медициналық ұйымдар мен зертханалар дайындалған;

  • инфекцияға күдік туған жағдайда тиісті органдардың қалай әрекет ететіні белгіленген.

Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай ерекше бақылауды қажет ететін елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады.

Қазіргі уақытта көліктің барлық түрімен келген жолаушылар арасында аса қауіпті инфекция жұқтырған немесе ауруға күдік тудырған адамдар анықталмаған.

“Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

 

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі ауруды алдын-алу үшін не істеу керектігін ұсынды.

  • теріде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болу;
  • жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау;
  • инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдерін және төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау;
  • ауруға тән белгілер пайда болған жағдайда, әсіресе ауру жағдайлары тіркелген елдерге барғаннан кейін, уақтылы медициналық көмекке жүгіну және медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау. 

Маймыл шешегі дегеніміз не?

Маймыл шешегі — MPXV вирусынан туындайтын жұқпалы ауру. Ол негізінен инфекция жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен немесе биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ вирус жұққан киім, төсек-орын және басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыс кезінде жұғуы мүмкін.

Аурудың негізгі белгілері:

  • дене қызуының көтерілуі;

  • бас ауруы;

  • бұлшықеттердің ауыруы;

  • лимфа түйіндерінің ұлғаюы;

  • теріде бөртпенің пайда болуы.

Еске сала кетейік, Қазақстанның екі өңірінде шошқа тұмауының 5 жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігі аурудың белгілері мен сақтану шаралары туралы айтты. 

Ислам Әден
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 11:07