Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Той болады": Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың отбасы Бибісара Асаубаевамен некеден көп нәрсе күтетінін жеткізді

Бибісара Асаубаева Жавохир Синдаров шахмат
Фото: Telegram @bibisarachess

Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың атасы, Өзбекстан шахмат федерациясы төрағасының орынбасары Комил Синдаров немересі мен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның қарым-қатынасына қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Қароргоҳ" подкастында Комил Синдаров жас шахматшылардың бала кезден таныс екенін айтқан. Олар бірге көптеген жарысқа қатысып, уақыт өте келе достық қарым-қатынастары махаббатқа ұласқан.

Атасының сөзінше, отбасы бастапқыда мұны жастық шақтағы уақытша сезім деп қабылдаған. Алайда уақыт өте келе олардың көзқарасы өзгерген. Комил Синдаров немересі мен Бибісара Асаубаеваның қарым-қатынасын қолдайтынын айтып, жастарға ақ батасын беруге дайын екенін жеткізді.

“Екі кәсіби шахматшының одағы спорттық мансап тұрғысынан да тиімді болады. Жавохир жылдың басым бөлігін халықаралық турнирлерде өткізеді. Сондықтан болашақ жарының мұндай өмір салтын түсініп, қолдауы маңызды. Ал кәсіби шахматшы Бибісара Асаубаева жарыстар мен жиі сапарларға үйренген”, – дейді Комил Синдаров.

Сондай-ақ ол жастардың некесінен үлкен үміт күтетінін жеткізді. Ол екі мықты гроссмейстердің отбасында болашақта шахматқа қабілетті жаңа буын дүниеге келсе деп армандайтынын айтты.

Бұдан бөлек, оның пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан спортшыларының шаңырақ көтеруі екі елдің арасындағы байланысты нығайтып, шахмат қауымдастықтарын жақындастыра түспек.

Әзірге үйлену тойының нақты күні белгісіз. Комил Синдаровтың сөзінше, қазір Жавохир үшін басты міндет – шахматтан әлем чемпионы атағы үшін күресуге.

"Той болады, біз бұл некеден көп үміт күтеміз", – деді гроссмейстердің атасы.

Жавохир Синдаров мансабындағы ең маңызды матчқа дайындалып жатыр. FIDE мәліметінше, 20 жастағы өзбекстандық гроссмейстер қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджумен кездеседі. Матч 2026 жылғы 22 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Женевада өтеді. Алғашқы партия 24 қарашаға жоспарланған.

Жавохир Синдаров 2026 жылғы үміткерлер турнирінде жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағы үшін таласуға мүмкіндік алды.

Бибісара Асаубаева да әлемдегі үздік шахматшылардың қатарында. Ол блицтен үш рет – 2021, 2022 және 2025 жылдары әлем чемпионы атанған.

Айта кетейік, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрап, спорт министрлігінен тиісті қолдау көрмей отырғанын жеткізген еді. Осыдан соң Спорт министрлігі шахматшы Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап беріп, шахмат басым спорт түріне жатпайтынын мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 09:00