Есжан Біртанов жаңа ислам банкінің директорлар кеңесіне кірді
Қазақстанда жарғылық капиталы 12 миллион доллар болатын Tansar Islamic Bank атты жаңа ислам банкі тіркелді. Оның директорлар кеңесінің құрамына Ұлттық банктің бұрынғы төрағасының орынбасары Есжан Біртанов кірді. Банк шариғат қағидаларына сай қаржылық қызметтер ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Tansar Islamic Bank 2026 жылғы 16 қазанда "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Оның жалғыз акционері — Tansar Group JSC. Банктің бас директоры болып Рүстем Баймаханов тағайындалды. Ал директорлар кеңесіне Есжан Біртановпен бірге Ержан Ағибаев, Нұркен Досмұхамбетов және Айдос Мұсатаев кірді.

Жаңа банк шариғат талаптарына сай қаржыландыру, төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу, валюта айырбастау және клиенттердің қаражатын басқару қызметтерін ұсынуды көздейді. Сондай-ақ ол арнайы инвестициялық шоттар арқылы пайданы бөлісуге негізделген операцияларды жүргізе алады. Алайда мұндай қызметтерді ұсыну үшін банк қаржы орталығының реттеушісі AFSA-дан тиісті рұқсат алуы керек.
Ислам банкингінде дәстүрлі несиедегідей пайыздан табыс табуға жол берілмейді. Оның орнына банк тауарды үстеме бағамен сату, мүлікті жалға беру немесе бірлескен инвестиция арқылы пайда табады.
Қазақстанда ислам банктерінің үлесі әзірге аз болғанымен, бұл бағытта өсім байқалады. 2026 жылғы тамызда олардың активтері 315,3 миллиард теңгеге жеткен. Салыстыру үшін, 2010 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 9,6 миллиард теңге болған. Яғни 16 жылда ислам банктерінің активтері шамамен 33 есе өскен.
Қазір Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді: ADCB Islamic Bank және Zaman Bank. Сонымен қатар 2026 жылғы наурызда күшіне енген жаңа "Банктер және банк қызметі туралы" заң дәстүрлі банктерге де арнайы бөлімшелер арқылы исламдық қаржы қызметтерін ұсынуға мүмкіндік берді. Мұндай бөлімшелер "исламдық терезелер" деп аталады. Олардың операциялары банктің негізгі қызметінен бөлек есепке алынуы керек.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда ислам ипотекасы қашан іске қосылатыны және ол қалай жұмыс істейтіні туралы жазған едік.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма