Қарағандыда алаяқтарға 3 миллион теңге жібермек болған зейнеткерді такси жүргізушісі құтқарды
Қарағандыда такси жүргізушісінің қырағылығы арқасында 68 жастағы зейнеткер алаяқтарға 3 миллион теңгесін беріп қоя жаздаған жерінен аман қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция мәліметінше, алаяқтар ауылда тұратын зейнеткерге хабарласып, өздерін бұрынғы әріптестері ретінде таныстырған. Олар әйелді банк шоттарын шұғыл тексеру қажет деп сендірген.
Кейін WhatsApp арқылы өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырған “Марат” есімді азамат байланысқа шыққан. Ол зейнеткердің депозитінде 3 миллион теңге барын біліп, ақшасын қорғау үшін айтқанын орындауы керегін түсіндірген.
Алаяқтың сөзіне сенген әйел банктегі барлық жинағын қолма-қол шешіп алған. Кейін қаскөйлер ақшаны қалааралық такси арқылы Алматыға жіберуді тапсырған.
Зейнеткер айтылған жерге барып, ақшаны таксимен жөнелтпек болған. Алайда жүргізуші жағдайдың күмәнді екенін байқап, полицияға хабар берген.

Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары алаяқтық әрекетті тоқтатып, зейнеткердің 3 миллион теңгесін сақтап қалды. Әйелге материалдық шығын келмеген.
Полиция тұрғындарға банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері телефон немесе мессенджер арқылы ақша аударуды, қолма-қол қаражатты біреуге беруді талап етпейтінін ескертті.
Сондай-ақ күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, 102 нөміріне хабарласуға кеңес берді.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорған тұрғындары алаяқтарға ақша аударғалы жатқан зейнеткерді тоқтатып үлгергені хабарланған еді.
Желіде тараған видеода оған белгісіз ер адам видеоқоңырау арқылы не істеу керегін айтып отырғанын байқауға болады. Осы жағдайды байқаған басқа адамдар әйелдің алаяқпен сөйлесіп тұрғанын түсіндіріп, оны тоқтатуға тырысқан. Ал өзін әйелдің баласы ретінде таныстырған ер адам әжейді "мама" деп атап, тұрғындар араласқан кезде ашуға мінген.
Оқиға куәгерлері телефонның ар жағындағы адамнан жүзін көрсетуді талап еткен. Алайда ол камераға жүзін көрсетпеген. Осыдан кейін әйел тұрғындармен бірге полицияға баруға келіскен. Әйелдің сөзінше, осы уақытқа дейін ол әлгі адамға 3 миллион теңге аударып үлгерген.
Жасөспірімнің қорқынышты суреттері көпшіліктің назарын аударды: Психолог ата-аналарға ескерту жасады