Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтардың айтқанына сенген ер адам туыстарынан қашып, 13 миллион теңге несие алмақ болған

алаяқтар
Фото: Ішкі істер министрлігі

Алматы облысында киберполиция телефон алаяқтарының арбауына түскен тұрғынды 13 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылып қалудан сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, ер адам алаяқтардың қатты психологиялық қысымында болған. Олардың нұсқауы бойынша ол туыстарынан бой тасалап, қоңырауларға жауап бермей, бірнеше банктен несие рәсімдеуге әрекет жасаған.

Күдікті әрекет туралы ақпарат алаяқтық қоңырауларды анықтайтын арнайы жүйе арқылы түскен. Полицейлер ер адамның әйелі мен балаларын тауып, жағдайды түсіндірді. Туыстары бірден банктерге хабарласқан. Соның арқасында несиелердің рәсімделуіне жол берілмеді.

Ер адамның өзін полицейлер өндірістік база аумағынан тапқан. Кездесу кезінде де ол бейтаныс адамдардың айтқанына сеніп, полицейлер мен өз ұлының сөзін қабылдамаған. Тек алаяқтарға 13 миллион теңгеден астам қаржы беруге шақ қалғанын түсінгеннен кейін ғана не болғанын ұққан.

Бір тәуліктің ішінде Алматы облысында осындай 13 алаяқтық фактісінің алдын алынған. Жалпы соңғы үш жылда Ішкі істер министрлігі республика бойынша 1 152 интернет-алаяқтық дерегін болдырмады. Алдын алынған алаяқтық әрекеттердің жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асты.

Сонымен қатар алаяқтардың шетелге 2,7 миллиард теңге шығаруына жол берілмеген. 5,6 миллиард теңгеден астам қаржы жәбірленушілерге қайтарылды.

"Егер бейтаныс адамдар сізден әңгімені жақындарыңыздан жасыруды, несие рәсімдеуді, ақша аударуды немесе қандай да бір қосымша орнатуды талап етсе, олармен сөйлесуді дереу тоқтатыңыз. Банкке немесе полицияға өзіңіз тікелей қоңырау шалыңыз. Алаяқтардың сізді шын мәнінде көмектесе алатын жақындарыңыздан оқшаулауына жол бермеңіз", – деп ескертеді ішкі істер министрлігі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда курьер алаяқтардың арбауына түскен зейнеткерді тонаудан құтқарып қалды. Әйел алаяқтардың айтқанына сеніп, 3 мың долларын пакетке жасырып, курьер арқылы бермек болған. Оның күмәнді әрекетін байқаған курьер жеткізуді тоқтатып, полиция шақырған. Осылайша, алаяқтардың әрекеті дер кезінде тоқтатылды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 12:43