Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда білім саласына салынатын инвестиция қысқарды

Білім беру саласы
Фото: Arhiv.kp.kz

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның білім беру саласына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 67,1 %-ға азайды. Сарапшылар мұны ұлттық жоба аясында мектептерді жаппай салу жұмыстарының аяқталуымен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстан экономикасына бағытталған инвестиция көлемі жалпы 7 %-ға өскен. Алайда бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 13,5 %-дық өсімнен әлдеқайда төмен.

Инвестициялардың басым бөлігі, яғни 65,8 %-ы кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Ал бюджет қаражатының үлесі бір жылда 23 %-дан 14,3 %-ға дейін төмендеді. Банктік несиелердің үлесі 5,6 %-ға жеткенімен, жалпы инвестиция құрылымында әлі де аз болып отыр.

 

Қай салаларға инвестиция көбейді?

Биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бірнеше салада айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде өсім 40,1 %-ды, электрмен жабдықтау саласында 36,9 %-ды, құрылыста 32 %-ды, ақпарат және байланыс саласында 29,2 %-ды құрады. Әсіресе химия өнеркәсібіне, азық-түлік пен электр жабдықтарын өндіруге салынған инвестиция көлемі артқан. Ал білім беру саласынан бөлек, мұнай-газ секторында инвестиция 21 пайызға, сумен жабдықтау саласында 14,5 пайызға, сауда саласында 1,1 пайызға қысқарған.

Бюджет қаражаты қайда бағытталды?

Бюджет инвестицияларының шамамен 59 %-ы көлік, электр және сумен жабдықтау сияқты инфрақұрылымдық салаларға жұмсалған. Сонымен қатар машиналар мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалған қаражат 22,9 %-ға өскен. Сарапшылар мұны ірі инвестициялық жобалардың құрылыс кезеңінен жабдықтармен қамтамасыз ету кезеңіне өтуімен байланыстырады.

Halyk Finance бас сарапшысы Салтанат Игенбекованың айтуынша, машиналар мен жабдықтарға салынатын инвестицияның артуы, сондай-ақ инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібіне қаржының көбеюі экономиканы технологиялық жаңғыртуға және өндірістік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік беруі мүмкін.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстандық ғалымдар докторантурадағы талаптарға наразы екені туралы жазғанбыз.

Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 15:55