Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Flydubai ұшқышы өзіне балтамен шабуыл жасаған әріптесінен қалай аман қалғанын айтты

Смит Маччхар
Фото: Israel Foreign Ministry / Reuters

Flydubai әуе компаниясының ұшқышы Смит Маччхар ұшу кезінде екінші ұшқыштың өзіне балтамен шабуыл жасап, жолаушылар мінген ұшақты құлатпақ болған сәтін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The National-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған ұшақта болған. Екінші ұшқыш, Оман азаматы Хаммам әл-Хаммами әуе кемесінің капитанына шабуыл жасап, басқаруды өз қолына алуға тырысқан.

Қазір Әбу-Дабиде емделіп жатқан Смит Маччхар сол күнгі оқиғаны алғаш рет егжей-тегжейлі баяндады.

Оның айтуынша, алғашқы екі сағатта ұшу қалыпты өткен. Әріптесінің әрекетінен ешқандай күмән байқалмаған. Алайда екінші ұшқыш намаз оқитынын айтқаннан кейін жағдай күрт өзгерген.

“Ол намаз оқығысы келетінін айтып, орнынан тұрды. Boeing 737 ұшағының кабинасы тар болғандықтан, мен оған құрмет көрсетіп, басқа жаққа қарадым. Өз жұмысымды жалғастырып, ұшу көрсеткіштерін тексеріп отырғанмын. Кенет желкемнен қатты соққы алдым. Өте ауыр әрі қатты затпен ұрғанын сездім”, – деді капитан.

Кейін екінші ұшқыштың төтенше жағдайға арналған балтамен шабуыл жасағаны белгілі болған.

Смит Маччхар басы мен сол қолынан ауыр жарақат алған. Ол өзін қорғауға тырысқанымен, әріптесі қайта-қайта соққы берген.

Осы сәтте шабуыл жасаған ұшқыш басқаруды қолға алып, қозғалтқыштардың қуатын азайтып, ұшақты төмен қарай бағыттаған.

“Соққылар тоқтамады. Бір кезде қозғалтқыштардың дыбысы бәсеңдеп, ұшақтың төмен құлдилап бара жатқанын сездім”, – деп еске алды капитан.

Бір минутқа жетпейтін уақытта Boeing 737 ұшағы 5 мың метрден астам биіктікті жоғалтқан. Жолаушылар арасында үрей басталған.

Ауыр жараланғанына қарамастан, капитан кабина есігін ашып үлгерген. Сол кезде экипаж мүшелері мен жолаушылар көмекке келіп, шабуыл жасаған екінші ұшқышты тоқтатқан.

Ұшақты аман алып қалуға бортта жолаушы ретінде отырған Flydubai компаниясының тағы екі ұшқышы көмектескен. Олар басқаруды қолға алып, әуе кемесін қайта тұрақтандырған.

Нәтижесінде ұшақ Сауд Арабиясының Табук қаласындағы әуежайға шұғыл қонып, жолаушылар аман қалған.

Ал екінші ұшқыш Хаммам әл-Хаммами ұсталды.

БАӘ прокуратурасының мәліметінше, күдікті ұшақты басып алып, Израильдегі Бен-Гурион әуежайына құлатуды жоспарлаған. Оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшқан FlyDubai ұшағында екінші ұшқыш әріптесіне шабуыл жасап, ұшақты апатқа ұшыратуға әрекет жасады деген күдікке ілінді. Бортта 174 жолаушы болған. Жолаушылар мен экипаж мүшелері шабуылдаушыны залалсыздандырып, ұшақты Сауд Арабиясына шұғыл қондырған. Оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 15:45