2,5 миллиард теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған: Қылмыстық топ мүшесі Қазақстанға қайтарылды
Қаржы мониторингі агенттігі Интерпол қолдауымен бұған дейін халықаралық іздеу жарияланған Ұлан Байболовты Кореядан Қазақстанға қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу деректеріне сәйкес, Байболов салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлемей, жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.
“Кәсіпорындар сатып алынып, жалған басшылардың атына қайта тіркелген. Олардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізілген, салық есебіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізіліп, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған”, – делінген хабарламада.
Осы тәсілде пайдаланылған кәсіпорындардың бірі – "Сфера". 2014 жылы Байболов аталған серіктестік директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Нәтижесінде топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 миллиард теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек қосымша есептелген салық көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.
Сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарды. Тергеу жалғасып жатыр.
Астанада пайдаланылмайтын велосипедтер сатып алу үшін миллиардтаған қаржы жұмсалған: Әкімдік не дейді