Тарихи жетістік: Қазақстан құрамасы семсерлесуден әлемдік рейтингте алғаш рет көш бастады
Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңартылған рейтингте ұлттық құрама 354 ұпай еншілеп, Франция (310 ұпай) мен Швейцарияны (296 ұпай) артта қалдырды. Үздік бестіктің қатарына Италия (286 ұпай) мен Украина (280 ұпай) да кірді.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл тарихи жетістік кейінгі 12 ай ішіндегі ірі халықаралық жарыстардағы жеңістер сериясының нәтижесі.
2025 жылы қарашада ұлттық құрама Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарды. 2026 жылғы маусымда Үндістанның Нью-Дели қаласында Азия чемпионы атанса, шілдеде Қытайдың Гонконг қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Ал биыл күзде Аичи мен Нагояда (Жапония) өткен Азия ойындарында да жеңіске жетті.
Жаңа маусым басталар алдында Қазақстан әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған еді. Ол кезде Швейцария мен Франция құрамалары алда болған.
Қазақстан құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Осы жеңістің арқасында ұлттық құрама әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді.
Еске салсақ, 2026 жылдың шілдесінде Қазақстанның ерлер құрамасы Гонконгта өткен семсерлесуден әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алғаны туралы жазған едік. Бұл – Қазақстан семсерлесу тарихындағы әлем чемпионатындағы алғашқы алтын болды.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді
