Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихи жеңіс: Қазақстан құрамасы семсерлесуден алғаш рет әлем чемпионы атанды

Семсерлесу
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстанның ерлер құрамасы 2026 жылы Гонконгта өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстан құрамасының сапында Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай өнер көрсетті. Олар финалға дейін Финляндияны (45:39), Өзбекстанды (28:27), Данияны (45:36) және Мысырды (41:32) жеңді.

Шешуші кездесуде қазақстандықтар Украина құрамасымен бақ сынады. Бесінші раундта Вадим Шарлаимов тобығын жарақаттап алып, оған медициналық үзіліс қажет болды. Соған қарамастан Шарлаимов өз жекпе-жегінде жеңіске жетті. Кейін оның орнына Руслан Курбанов шықты.

Тоғыз жекпе-жектің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 45:40 есебімен жеңіске жетті. Украина құрамасы күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Мысыр құрамасына бұйырды.

Бұл – Қазақстан семсерлесу тарихындағы әлем чемпионатындағы алғашқы алтын медаль. Былтыр қазақстандық семсерлесушілер командалық турнирде қола жүлде еншілеген еді. Ал 2023 жылы Руслан Курбанов жекелей сында қола медаль жеңіп алған.

Сәрсенбі күні әйелдер арасындағы командалық қылыш сайысының жүлдегерлері де анықталды. Қазақстан құрамасы жарысты 19-орынмен аяқтады. Алтын медальді Венгрия құрамасы жеңіп алса, Қытай құрамасы күміс, Франция құрамасы қола жүлдеге ие болды.

Гонконгтағы әлем чемпионаты 30 шілдеде аяқталады.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 19:11