Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ел қоржынына тағы бір алтын: Семсерлесушілер Азиада чемпионы атанды

Семсерлесушілер
Фото: ҰОК/Владислав Семенов

Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында топ жарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, командалық сайыстың финалында қазақстандық шпагашылар Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Тартысты бәсеке 43:42 есебімен отандастарымыздың жеңісімен аяқталған. 

“Алтын медальді Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов жеңіп алды”, – делінген хабарламада. 

Ерлік Сертай қарсыластың деңгейі жоғары болғанын атап өтіп, шешуші кездесуде команда қиын жағдайға тап болғанын мойындады.

"Шын мәнінде, Оңтүстік Корея өте мықты команда. Бір сәтте менің кесірімнен жеңіліп қала жаздадық. Бұған өзім кінәлімін. Бірақ жігіттер қарсыластың қарқынына төтеп беріп, қысымға қарамастан сабыр сақтады. Соның арқасында алтын медальға қол жеткіздік", – деді Сертай.

Вадим Шарлаимов қиын сәттерде командаластардың бір-біріне әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.

"Ештеңе етпейді. Біреу жеңіледі, біреу жеңеді. Бірақ біз – бір командамыз. Жолдасымыз үшін қолдан келгенше барымызды салдық. Әлеуетімізді көрсеттік”, – деді Шарлаимов.

Кирилл Проходов кездесудің шешуші бөлігі алдында өз күшіне сенімді болғанын айтты.

"Шешуші сәтте жеңіліп қалмайтыныма сенімді болдым. Ойлағанымның бәрін жүзеге асыра алдым. Финал өте жақсы өтті", – деді Проходов.

 Ал Руслан Курбанов семсерлесуден Азиядағы бәсекенің жоғары деңгейіне тоқталып, Қазақстан құрамасының дамып келе жатқанын атап өтті.

"Азия ойындарында бәсеке әрдайым өте жоғары деңгейде болады. Азияда мықты командалар көп. Тіпті, жеңіс тағдырын бір-екі ұпай шешіп кетуі мүмкін. Бізге оңай болған жоқ, жарыстың өзі де, оған дайындық та үлкен күшті талап етті. Қазақстан семсерлесудің элитасына кірді. Бұған көрсеткен нәтижелеріміз дәлел. Енді осы жеңіске аздап қуанып, әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Алда Олимпиадаға іріктеу кезеңі тұр. Барлық жанкүйерге қолдау көрсеткендері үшін көп рақмет. Алға, Қазақстан!", - деді Курбанов.

Айта кетейік, биыл Қазақстан құрамасы командалық есепте Азия чемпионатында да алтын медаль иеленді. Сонымен қатар әлем чемпионатында тарихта алғаш рет жеңімпаз атанды. 

Назархан Уән
Жексенбі, 27 Қыркүйек, 2026 16:44