Трамптың ұлдары Қазақстандағы кен орнын игеріп жатқан компанияның үлесін алды

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы Қарағанды облысында орналасқан ірі пайдалы қазба жобасына қатысатын компаниямен бірігеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Financial Times порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамптың компаниясы Қарағанды облысындағы вольфрамның ірі кен орындарын игеріп жатқан металлургиялық холдингпен бірікпекші.
Басылым деректеріне сәйкес, Трамптың ұлдары қазан айының соңында Қазақстандағы кен орындарын игеруге дайындалып жатқан холдингтен үлес сатып алған компаниядан үлес иеленген.
Бейсенбі күні Трамптың ұлдарының үлесі бар үш компания Kaz Resources брендімен бірігетінін жариялады. Компания Nasdaq биржасына шығуы мүмкін деп күтілуде. Алайда компаниялардың баспасөз хабарламасында АҚШ президентінің ұлдарының есімдері аталмаған.
Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар кен орындарын игеру бойынша Қазақстан мен АҚШ компаниялары қараша айының басында келісім жасаған. Бұл кен орындары өте ірі, онда шамамен 410 мың тонна пайдалы қазба бар. Оларды игеруге Қытай мен Ресей компаниялары да қызығушылық танытқан.
Кен орындарын игеру туралы келісім америкалық Cove Kaz Capital Group пен қазақстандық "Тау-Кен Самұрық" компаниясы арасында жасалған. Жобаға қатысатын америкалық инвестор 70% үлеске ие болып, кен орындарын игеру мен сатуға кететін барлық шығынды өзі көтеруге келіскен.
Сонымен қатар, Financial Times дерегінше, Cove Capital компаниясы АҚШ үкіметі қолдайтын Export-Import Bank пен Development Finance Corporation ұйымдарымен алдын ала келісімдер жасаған. Бұл келісімдер Қазақстандағы кен орындарын игеру жобасын қаржылай қолдауға бағытталған. Жобаның жалпы құны шамамен 1,6 миллиард доллар деп бағаланып отыр.
Оқыңыз