Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде кей нысанның құрылысына кеткен қаржы көлемі құпия сақталмақ

құрылыс
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда кей нысандар құрылысына кеткен шығындарды құпия ету ұсынылды.  Мәжіліс депутаттары арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заң жобасын екінші оқылымда қолдады. Құжат Сенатқа жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат Олжас Құсбековтің айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты арнайы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру саласындағы заңнаманы жетілдіру.

“Жұмыс барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Соның ішінде режимдік нысандармен қатар, ерекше режимдегі және ерекше қорғалатын нысандардың құрылысы, жөндеуі және күтіміне бөлінетін қаражат пен нақты шығындар туралы мәліметтерді мемлекеттік құпияға жатқызу ұсынылды”, – деді депутат. 

Сонымен қатар заңнамадағы олқылықтарды жоюға және қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге бағытталған нормалар қарастырылған.

Атап айтқанда:

  • Ұлттық қауіпсіздік органдары резервінің тағайындалуы нақтыланды, яғни оны қолдану шарттары айқындалды;
  • уәкілетті басшының қызметтік тергеу материалдарымен танысу құқығы реттелді, бұл шешімді объективті қабылдау үшін қажет;
  • әскери және арнайы оқу орындарына түсу кезінде бұрынғы атағын сақтайтын тұлғалар санаты кеңейтілді.

Депутаттың айтуынша, құжатта әлеуметтік сипаттағы бірқатар түзету де қарастырылған. Алайда олардың мазмұны нақтыланбады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік құпияларды сақтауға қатысты жауапкершілік қатаңдайтыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 13:15