Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанда Қазақстан елшілігінің қолдауымен мектептердің біріне қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді

Фото: ҚР Өзбекстандағы елшілігі

Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Ташкент облысы Бостандық ауданының Қараманас ауылында жаңа оқу жылының басталуына және №34 жалпы орта білім беретін мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері және қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімін беруге арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының "Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы" форумы аясында өтті. Форум екі елдің әдебиет және мәдениет өкілдерінің басын қосып, қазақ-өзбек мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға, ортақ рухани мұраны сақтауға және шығармашылық диалогты кеңейтуге бағытталған тағы бір маңызды алаңға айналды.

Фото: ҚР Өзбекстандағы елшілігі

Мектеп 1913 жылы жазушы дүниеге келген Қараманас ауылында орналасқан. Білім ордасына оның есімінің берілуі ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауға деген құрметтің және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достықты нығайтудың жарқын көрінісі болды.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Х.Султонов, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Е.Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор А.Райымқұлова, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, Қазақстан мен Өзбекстан Жазушылар одақтарының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, мәдениет және әдебиет қайраткерлері қатысты.

Фото: ҚР Өзбекстандағы елшілігі

Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде бұл оқиғаның жай ғана мектептің ашылуы емес, қазақ пен өзбек халықтарының сан ғасырлық ортақ тарихының, мәдениеті мен рухани жақындығының жемісі екенін атап өтті.

Фото: ҚР Өзбекстандағы елшілігі

Мерекелік іс-шара дәстүрлі алғашқы қоңырау рәсімінен басталып, "Рахметолла Райымқұлов: ұрпақтарды біріктіретін мұра" тақырыбындағы ашық сабақпен жалғасты.

Іс-шара аясында жаңартылған мектеп кітапханасы мен Р.Райымқұловтың мемориалдық бұрышы ашылды. Кітапхана қоры қазақ және өзбек әдебиетінің жаңа басылымдарымен толықты. Екі елдің Жазушылары одақтарының өкілдері тарихи жадыны сақтауда және гуманитарлық байланыстарды дамытуда әдебиеттің ерекше рөлін атап өтті.

Фото: ҚР Өзбекстандағы елшілігі

Алғашқы қоңырау жаңа кезеңнің символына айналды: жазушының есімі туған жеріне қайта оралып, жаңа ұрпақтың жадында және білімінде мәңгі сақталмақ.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 20:15