Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасынан 20% үлес алмақ – NYT

Қызметкерлер вольфрам кен орнында
Фото: Сергей Пономарев / The New York Times

АҚШ пен Қазақстан арасындағы вольфрам өндіру жобасына қатысты ірі келісім Дональд Трамп отбасы мен АҚШ сауда министрі Говард Латниктің жақындарына байланысты дау тудырды. The New York Times басылымының ақпаратына сәйкес, келісім америкалық инвесторларға Қазақстандағы әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам қорларының біріне жол ашқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұнда Қарағанды облысындағы Үңірек ауылы маңындағы вольфрам кен орны туралы әңгіме қозғалып отыр. Кеңес одағы кезінде бұл аумақта барлау жұмыстары жүргізілген. Енді америкалық Kaz Resources компаниясы осы жерде кен өндіруді қолға алмақ.

Басылым мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйекте Нью-Йорктегі St. Regis қонақүйінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ сауда министрі Говард Латник кездескен. Кездесу барысында Дональд Трамп телефон арқылы қосылып, Қазақстандағы вольфрам жобасына қатысты келіссөзге қатысқан.

Әлібек Қазбекұлы вольфрам кен орындарының бірінд
Фото: Сергей Пономарев / The New York Times

Вольфрам АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар металл саналады. Ол зымыран оқтұмсықтарын, әскери ұшақтарды, компьютерлік чиптерді және басқа да маңызды өнімдерді өндіруде қолданылады. Сондықтан Вашингтон бұл металға қол жеткізуді ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр.

The New York Times деректеріне сүйенсек, келісімге дейін Трамп әкімшілігі Kaz Resources компаниясына 1,6 миллиард долларға дейін федералдық қаржыландыру бөлу мүмкіндігін алдын ала мақұлдаған. Бұл қаржы Export-Import Bank пен АҚШ-тың халықаралық даму қаржы корпорациясы арқылы берілуі мүмкін.

Алайда келісімнің ең даулы тұсы – Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамптың осы жобаға қатысы бар құрылымдар арқылы қаржылық мүддеге ие болуы. Басылым мәліметінше, олар ішінара иелік ететін Dominari Securities компаниясына байланысты инвесторлар Қазақстандағы жобаға қатысы бар корпоративтік құрылымның 20%-дық үлесін алған.

Жұмысшылар кентіндегі ғимарат
Фото: Сергей Пономарев / The New York Times

Сонымен қатар Говард Латниктің отбасына тиесілі Cantor Fitzgerald инвестициялық компаниясы осы жобаға қатысы бар серіктестердің біріне 210 миллион доллар капитал тартуға көмектескен. Мұндай мәмілелерден инвестициялық компаниялар әдетте миллиондаған доллар көлемінде комиссия алады.

Қазақстандық жобаға қатысты негізгі келісім 2025 жылғы 6 қарашада Вашингтонда қол қойылған. Келісім бойынша, Kaz Resources жобаның 70%-ына, ал қазақстандық мемлекеттік тау-кен компаниясы 30%-ына иелік етеді.

Жоба басталған жағдайда Қазақстаннан АҚШ-қа жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам жеткізілуі мүмкін. Бұл АҚШ-тың қазіргі жылдық импорт көлемімен шамалас. Компания кен орнындағы вольфрам қорының құны 80 миллиард долларға дейін жетуі ықтимал деп бағалап отыр.

Kaz Resources басшысы Пини Альтхаус бұл жоба бойынша АҚШ билігімен келіссөздер Байден әкімшілігі кезінде басталғанын және ешқандай саяси артықшылық болмағанын айтқан. Ол Трамп отбасының қатысы кейіннен белгілі болғанын мойындап, мұндай байланыстар қоғамда сұрақ тудыруы мүмкін екенін түсінетінін жеткізген.

вольфрам кені бар тау жынысының үлгісі
Фото: Сергей Пономарев / The New York Times

Ақ үй мен АҚШ Сауда министрлігі өз кезегінде әкімшілік шешімдері жеке отбасылық бизнес мүдделерімен байланысты деген айыптауларды жоққа шығарды. Ақ үй өкілі әкімшіліктің басты мақсаты АҚШ-тың ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін мәлімдеген.

Дегенмен АҚШ Конгресіндегі демократтар мұндай байланыстарды тексеру қажет деп санайды. Олардың пікірінше, салық төлеушілердің қаржысы мемлекеттік мүдде үшін жұмсалуы тиіс, ал шенеуніктердің немесе олардың отбасыларының жеке пайдасына жұмыс істемеуі керек.

Қазақстан үшін бұл келісім елдің сирек және стратегиялық металдар нарығындағы рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, ел АҚШ-тың маңызды минералдар тізіміне кіретін 60 шикізат түрінің 25-ін өндіруге және өңдеуге қауқарлы.

Қазір жоба толық іске қосылған жоқ. АҚШ тарапынан қарастырылып отырған 1,6 миллиард долларлық қолдау да түпкілікті бөлінбеген. Ал Kaz Resources компаниясы кен орнын игеру бойынша соңғы техникалық-экономикалық негіздеме дайындап жатыр. Компания өндірісті 2030 жылға қарай бастауды жоспарлап отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 15:40