Трамп Иранға ешқандай шартсыз миллиардтаған доллар бөлінеді деген ақпаратты жоққа шығарды

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауға келіскенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Иранға миллиондаған доллар көлемінде төлем жасалатыны туралы ақпаратты жоққа шығарып, жаңалықтардың жалған екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақүйге сілтеме жасап хабарлайды.
Truth Social желісіндегі жазбасында Дональд Трамп Иранның ядролық қаруға ешқашан ие болмауға келіскенін де мәлімдеді.
"Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауға келісті! Сонымен қатар АҚШ Иранға 300 миллион доллар төлеп жатыр деген ақпарат – демократтар таратып жүрген жалған жаңалықтар", – деп жазды АҚШ президенті.
Бұған дейін Трамптың кеңесшісі Алекс Брюзевиц те бұл мәлімдемелерді жоққа шығарған еді.
"Иранға арналған 300 миллиард долларлық "инвестициялық қор" туралы әңгімені алаяқтар әдейі бұрмалап, назар аударту және дау туғызу үшін таратып жатыр. Шын мәнінде, бұл ешқандай шартсыз берілетін қаржылай көмек емес. Бұл – белгілі бір шарттарға байланысты ынталандыру", – деп жазды ол.
Оның айтуынша, Иран алдымен өзінің ядролық бағдарламасын толықтай жойып, террористік топтарды қолдауды толық тоқтатып, ел ішінде маңызды реформалар жүргізуі тиіс. Тек содан кейін ғана АҚШ Ирандағы коммерциялық тұрғыдан тартымды мүмкіндіктерді іздеу үшін инвесторлар тобын ұйымдастыруға көмектеседі.
ОқыңызАлекс Брюзевичтің айтуынша, АҚШ пен Иран арасында мықты экономикалық байланыстар орнатылса, екі ел де бір-бірімен сауда-саттық пен инвестицияға тәуелді болады. Сонда болашақта соғысу немесе жанжалға бару екі жаққа да өте қымбатқа түседі. Осылайша Иран терроризмді қолдағаннан гөрі бейбіт жолды таңдаса, ұзақ мерзімде көбірек пайда табады.
"Бұл жоспарға тек ұзаққа созылған қақтығыстардан қаржылық пайда көретіндер немесе интеллект деңгейі өте төмен адамдар ғана қарсы болуы мүмкін. Бәлкім, екеуі де...", – деп мәлімдеді ол.
Ал АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс CNN телеарнасына берген сұхбатында Тегеранмен жақында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумның таңғаларлықтай қысқа құжат екенін айтып, оның көлемі шамамен "бір жарым беттен" тұратынын жеткізді.
Ол бұл құжатты келіссөздердің келесі кезеңдерінде талқыланатын күрделі мәселелерді кейінге қалдыратын, негізгі бағыттарды ғана қамтитын жоғары деңгейдегі жоспар ретінде сипаттады.
Күні кеше АҚШ пен Иран келісімге келгенін және Женевада мәмілеге қол қойылатынын мәлімдеген еді.
"Қарқынды келіссөздердің қорытындысы бойынша біз Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы арасында бейбіт келісім жасалғанын қуана хабарлаймыз. Екі тарап та барлық бағытта, соның ішінде Ливанда әскери іс-қимылдарды дереу және түпкілікті тоқтататынын мәлімдеді", – деп жазды Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф X әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, келісімге қол қоюдың ресми рәсімі 19 маусым, жұма күні Швейцарияда өтеді.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады