Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Періште ғой": Қырғыздарға жағамын деп қазақстандықтарды ашуландырған Бота Миа өзін ақтауға тырысты

Бота Миа
Фото: Видеодан скриншот

Блогер Бота Миа Қырғызстанда қырғыз шабандозына ат сыйлау кезінде Қазақстан туы бейнеленген матаның ат үстіне жабылуына байланысты туған дауға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, Қырғызстанға барудағы негізгі мақсаты – бұған дейін айтқан сөзі үшін құр сөзбен емес, нақты іспен кешірім сұрау болған.

“Оқиға бола салысымен қырғыз халқынан кешірім сұрадым. Егер менің сөздерім басқаша естіліп, намыстарыңызға тиген болса, ол – менің қателігім. Үлкен аудиториям болғандықтан, бұл маған сабақ болды. Әр сөзді ойланып айту керегін түсіндім”, – деді ол.

Блогер Қырғызстанға арнайы барып, халықаралық бәйгеде қазақстандық шабандозға көмектескен Әлиханға ат сыйлауды екі ел арасындағы достыққа деген құрмет деп қабылдағанын айтты.

Алайда сыйлық табыстау кезінде Қазақстан туы бейнеленген матаның аттың үстіне жабылуы желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Көпшілік мұны мемлекеттік рәмізге құрметсіздік деп бағалаған.

Бота Миа матаның сатылымда болғанын көріп, оны аттың үстіне жабуға болады деп ойлағанын жеткізді.

“Ағаларыммен ақылдасып, аттың үстіне жабуға болатын шығар деп шештік. Ал баланы тудың үстіне отырғызды деп айтып жатыр. Ол әлі кішкентай бала ғой. Сол сәтте бәріміз қуанып, “сенің атың, отыра ғой” деп отырғыздық. Кейін ол түсіп, матаны шешіп алып, үйінің төріне қойды”, – деді блогер.

Ол әрекетінде жаман ниет болмағанын айтып, қазақстандықтардан кешірім сұрады.

“Ат деген киелі жануарымыз, ал ол періште ғой, балапан әлі. Әр нәрседен кемшілік іздемей, жақсы жағын көрейікші. Егер бұл ісім қате болса, кешіріңіздер. Артық қыламын деп, тыртық қылған болсам, айып етпеңіздер”, – деді Бота Миа.

Бота Миа ақталуға тырысып жатыр
Фото: Видеодан скриншот

Еске салайық, бұған дейін блогер Бота Миа Қырғызстанға қатысты айтқан “Қырғызстан деген биік пе?” деген сөзі үшін әлеуметтік желіде сынға қалған еді. Көпшілік бұл пікірді көрші елді менсінбеу деп қабылдады. Кейін блогер Қырғызстан халқынан кешірім сұрап, сөзінің қате түсінілгенін айтып, ешкімді ренжітуді мақсат етпегенін мәлімдеді. Сондай-ақ бұған дейін ол шетелдік блогердің контентін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін де дауға қалған болатын.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 13:41