Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе зауытында бұрын босқа жанған газдан электр энергиясын өндіретін станция салынып жатыр

 

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бұрын факелде жағылып келген газ енді электр энергиясын өндіруге пайдаланылмақ. Зауытта феррохром өндіру кезінде шығатын газды жағып, электр энергиясын өндіретін жаңа станция салынып жатыр. Ол іске қосылғанда зауытқа қажет электр энергиясының бір бөлігін өзі өндіреді.

Шәйнектің қайнағанын көргенсіз бе? Бу қақпақты көтеріп, сыртқа тырмысып шығады. Буы бұрқырап тұр! Жаңа станция осы күшке сүйенеді.

Феррохром деген не өзі және одан газ қайдан шығады?

ERG компаниясына қарайтын Ақтөбе ферроқорытпа зауытында феррохром жасалады. Феррохром – темір мен хромның қорытпасы. Оны болатқа қосса, болат тот баспайды. Мұндай болаттан не жасалады? Ас үйдегі қасық пен қазан, шұңғыл, дәрігердің құралдары, кір жуатын машинаның барабаны, құбырлар… яғни феррохромды өз көзіңізбен көрмеуіңіз мүмкін, бірақ оны күн сайын қолданасыз.

Зауыт жылына 700 мың тоннадан астам ферроқорытпа өндіреді. Феррохром алу үшін кен мен қоспаларды алып пештерде балқытады. Ол үшін пешті қатты қыздыру керек, сондықтан көп энергия кетеді.

Пеш істеп тұрғанда газ шығады. Оны ешкім сатып алмайды, әкелмейді, шәйнек үстіндегі бу сияқты газ өзі пайда болады. Ал газдың бір ерекшелігі бар: ол жанады. Демек, ішінде энергия бар. Бұрын бұл газды арнайы факелдерде жағып жіберетін, сөйтіп энергия босқа кететін.

Инженерлер не ойлап тапты?

Енді зауытта газды жағып, электр энергиясын өндіретін станция салынып жатыр. Оны кәдеге жарату электр станциясы деп атайды. Атауы ұзын болғанымен, мағынасы қарапайым: станция толықтай осы ферроқорытпа газымен жұмыс істейді. Газ станцияда отын болады, одан шыққан электр энергиясын зауыттың өзі қолданады.

Жобаның бас инженері Артем Пирожков станцияны зауыт энергетикасы үшін жаңа белес деп атайды.

"Біз кәсіпорынның қайталама энергетикалық ресурстарымен жұмыс істейтін өз электр көзімізді жасап жатырмыз. Бұл жоба энергетиканы, металлургияны, автоматтандыруды және заманауи инженерлік шешімдерді біріктіреді, сондықтан техникалық тұрғыдан күрделі. Іске қосылғаннан кейін станция зауыттың энергетикалық жүйесінің маңызды бөлігіне айналады", – дейді ол.

Газ жарыққа қалай айналады?

  1. Газ қазандықта жанады. Жалын суды қыздырады.
  2. Су буға айналады. Бу өте ыстық әрі күшті.
  3. Бу турбинаны айналдырады. Турбина – үлкен қалақты доңғалақ.
  4. Турбина генераторды айналдырады. Генератор электр қуатын жасайды.
  5. Электр қуаты зауытқа қайта оралады.

Бір шеңбер: балқыту процесі газ береді, газ жарық береді, жарық металл жасауға көмектеседі.

Станция зауытқа қанша электр энергиясын береді?

Станцияның жобалық қуаты – 80 мегаватт, ең жоғарғы қуаты – 87 мегаватт. Жоспар бойынша жылына ол 532 миллион киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді.

Бұл электр энергиясы қалаға берілмейді, зауыттың өзіне керек. Станция пештер тұратын балқыту цехына қажет электр энергиясының төрттен бір бөлігін жабады. Қалғанын зауыт бұрынғыша басқа көзден алады.

Құрылыс алаңында не болып жатыр?

Құрылыс 2025 жылдың соңында басталды. Қазір алаңда қысымы жоғары екі бу қазандығын орнатып жатыр. Бас ғимарат пен турбина бөлімі салынып жатыр. Сонымен қатар газды сақтайтын үлкен "қойма", градирня – суды суытатын құрылғы және биіктігі 80 метр мұржа тұрғызылып жатыр. Мұржа шамамен 25 қабатты үйдей болады.

Қазандық агрегаттары, генератор, конденсатор, сорғылар және басқа да ірі тораптар алаңға әкелінді. Келесі кезеңде турбина, электр жүйелері мен автоматика орнатылады.

Кейін станцияны зауыттың жұмыс істеп тұрған жүйесіне қосу керек. Сондықтан ГПП-2 бас қосалқы станциясы қайта жаңартылып жатыр. Бұл – жаңа станцияны зауыттың электр желісіне қосатын "көпір".

Кім салып жатыр?

Алаңда инженерлер, құрылысшылар, монтажшылар және электр қызметкерлері істеп жатыр. Жұмысты ERG-тің "Энергетика" дивизионының мамандары зауыт командасымен бірлесіп үйлестіреді. Құрылысқа бірнеше компания жауап береді, сапаны техникалық және авторлық қадағалау мамандары бақылайды. Жабдықтың сапасын оны шығаратын зауыттарда халықаралық Bureau Veritas компаниясы тексереді.

"Бір мезгілде құрылыс жұмысы да, ірі технологиялық жабдықты монтаждау да, инженерлік инфрақұрылымды дайындау да жүріп жатыр. Әр кезең екіншісімен байланысты, сондықтан дәлдік, командалардың өзара әрекеттестігі және кестені сақтау ерекше маңызды. Нысанның күн сайын өсіп жатқаны көрініп тұр", – дейді құрылыс алаңындағы жұмыс жетекшісі Станислав Сивцов

Қарапайым тілде айтқанда: құрылыс үлкен оркестрге ұқсайды. Бір топ кешіксе, қалғандары уақытында ойнай алмайды. Сондықтан бәрі дәл әрі кесте бойынша жұмыс істейді.

Қазір құрылысшылар негізгі ғимараттарды жауып, ішін жылытуға дайындап жатыр. Сонда жұмысшылар аяз кезінде де жабдықтарды орнатып, тексеру жұмыстарын жүргізе алады.

Табиғатқа қандай пайдасы бар?

Газ жанғанда ауаға көмірқышқыл газы бөлінеді. Факелде жансын, қазандықта жансын, көмірқышқыл газы бәрібір шығады. Ендеше пайдасы неде?
Айырмасы мынада: факелде жанған газдың жылуы ауаға шашылып, ешкімге пайда бермей кететін. Енді сол жылу суды қыздырады, турбинаны айналдырады және зауытқа электр энергиясын береді. Газ бір-ақ рет жанады, бірақ енді жұмыс істейді.

Жоғарыда айтқандай, зауыт өзіне керек электр энергиясының бір бөлігін өз газынан алады. Егер оны басқа көзден алса, көп жағдайда электр энергиясын өндіру үшін тағы отын жағу керек болар еді. Яғни қосымша отынға қажеттілік азаюы мүмкін.

Мұны ERG басшысы көміртек ізімен байланыстырады. Көміртек ізі дегеніміз – тауар жасалып жатқанда ауаға қалдырған ізі. Ол аз болған сайын қоршаған ортаға жақсы. Әлемдегі сатып алушылар металдың бағасы мен сапасына қоса, оның көміртек ізіне де қарайды.

"ERG үшін экологиялық трансформация бөлек бағыт емес, ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Бүгінде өнімге қойылатын талап сапа мен бағадан әлдеқайда асып түсті: оның көміртек ізі барған сайын маңызды болып барады. Біз үшін бұл жай ғана әлемдік үрдіс емес, әлем нарығына шығудың маңызды шарты. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы кәдеге жарату электр станциясы жобасы — өндірісті біз қалай бірізді өзгертіп жатқанымыздың нақты мысалы: қайталама энергетикалық ресурсты өз электр энергиясын өндіруге жаратамыз, тиімділікті арттырамыз, сонымен қатар қоршаған ортаға әсерді азайтамыз", – ERG-тің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев.

Жоспар бойынша станция 2027 жылы іске қосылмақ. Жоба кесте бойынша жүріп жатыр.

Stan.kz
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 18:00