"Футболдың жаны сатылмайды": УЕФА ФИФА-ның жаңа жоспарына қарсы шұғыл отырыс өткізеді

УЕФА ФИФА-ның әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға беру жоспарына байланысты шұғыл жиын өткізеді. Еуропалық футбол ұйымы бұл бастаманы "футболдың жанын саудаға салу" деп бағалап, оған қарсы қатаң шаралар қабылдауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
УЕФА бейсенбі күні ФИФА президенті Джанни Инфантиноның әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға беру жөніндегі бастамасына қатысты ұстанымын айқындау үшін шұғыл отырыс өткізеді.
ФИФА 211 ұлттық футбол федерациясына хат жолдап, 19 қыркүйекке дейін жаңа инвестициялық жобаға қатысты пікірін білдіруді сұрады. Ұйымның мәліметінше, бұл бастама әрбір ұлттық қауымдастыққа 40 миллион долларға дейін қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді. Оның алғашқы 20 миллион доллары жоспар мақұлданғаннан кейін төленуі мүмкін.
Алайда УЕФА мен бірқатар футбол ұйымдары бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шықты.
"Футболдың жаны мен оны басқару жүйесі саудаға салатын актив емес. Футбол ешкімнің жеке меншігі емес, ФИФА-ның да оны сатуға құқығы жоқ", – делінген УЕФА мәлімдемесінде.
Инфантиноның жоспары қандай?
ФИФА FIFA Forward Enterprise (FFE) атты еншілес компания құрып, оған ұйымның барлық коммерциялық және операциялық активтерін біріктіруді көздейді. Жоспар бойынша әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарының 20 пайызы ұзақ мерзімді жеке инвесторларға ұсынылады.
Осы арқылы ФИФА жыл соңына дейін 20 миллиард долларлық инвестицияның алғашқы 4 миллиард долларын тартуды жоспарлап отыр.
Инфантиноның айтуынша, қаражат футбол инфрақұрылымын дамытуға, ұлттық құрамаларды күшейтуге және жас ойыншыларды қолдауға жұмсалады.
Бұдан бөлек, әйелдер футболын дамытуға жұмсалады. Сонымен бірге ол жеке инвесторлар әлем чемпионаттарын ұйымдастыруға немесе шешім қабылдау процесіне ықпал ете алмайтынын айтты.
Әлемдік футбол қауымдастығының реакциясы
ФИФА бастамасы Англия футбол қауымдастығы (FA), European Leagues, халықаралық футболшылар кәсіподағы FIFPRO, Испанияның Ла Лигасы және Германия футбол одағы тарапынан сынға ұшырады.
Ла Лига президенті Хавьер Тебас бұл ұсынысты "Футболдың болашағы есебінен жүргізіліп жатқан сайлауалды науқан" деп бағалады.
Ал Германия футбол одағының вице-президенті Ханс-Йоахим Ватцке "Бұл футболға жасалған ашық шабуыл. Қызыл сызықтан өтті" деп айтты. Бұрынғы Англия футбол қауымдастығының төрағасы Дэвид Бернстайн тіпті бұл жоспар жүзеге асса, Англия құрамасы әлем чемпионатына қатысудан бас тартуы керек деген пікір айтты.
Сонымен қатар Чехия футбол қауымдастығы бұл жобаның ұлттық футбол үшін практикалық пайдасы бар екенін айтып, бастаманы жалпы қолдайтынын мәлімдеді.
УЕФА-ның алаңдаушылығын Азия, Оңтүстік Америка, сондай-ақ Солтүстік және Орталық Америка футбол конфедерацияларының бір бөлігі де қолдап отыр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, егер тараптар келісімге келе алмаса, УЕФА мен ФИФА арасындағы текетірес бұрын-соңды болмаған.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФБР) Аргентина футбол қауымдастығының (AFA) қаржылық операцияларына қатысты тергеуді қайта жандандырды. Тергеу аясында AFA-ның халықаралық коммерциялық келісімшарттарынан түскен шамамен 260 миллион доллардың (121,9 млрд теңге) қозғалысы зерттеліп жатыр. АҚШ билігі қаражаттың бір бөлігі ақшаны жылыстату немесе банк алаяқтығы схемаларымен байланысты болуы мүмкін деген күдікке назар аударуда. Сонымен қатар бұл іс Аргентина құрамасының әлем чемпионатындағы даулы матчтарымен тұспа-тұс келгенімен, әзірге тергеудің турнир нәтижелеріне тікелей қатысы жоқ екені айтылды.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді