Тұрғын әкімді сотқа берген: Енді Өскеменде жаңа ережелер енгізіледі

Өскемен қаласында “Қазцинк” ЖШС аумағында мамыр айында болған апаттан кейін қала әкіміне қарсы берілген әкімшілік талап-арызды қарау аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Татуластыру барысында тараптар келісімге келіп, соған сәйкес әкімдік техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты хабардар етудің міндетті регламентін әзірлеп, бекітетін болды.
Талап-арызды қала тұрғыны берген. Оның пікірінше, 5 мамыр күні тұрғындарға болуы мүмкін қауіп туралы және қалыптасқан жағдайда қалай әрекет ету керектігі жөнінде ресми ақпарат дер кезінде жеткізілмеген.
Сотқа жүгінуге "Қазцинк" кәсіпорнының өндірістік алаңында болған қайғылы оқиға себеп болды. Жарылыс салдарынан үш жұмысшы қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.
“Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша шамамен 2,8 тонна мырыш шаңының рұқсатсыз ауаға шығарылғанын анықтаған. Осыған байланысты кәсіпорын табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Істі сот талқылауына дайындау барысында тараптар татуласуға келіп, сот тиісті келісімді бекітті”, – деп мәлімдеде Шығыс Қазақстан облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Өскемен қаласының әкімі 2026 жылғы 30 шілдеге дейін қауіпті өндірістік нысандарда техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты хабардар етудің орындалуы міндетті регламентін бекітуге міндеттенді.
Аталған құжатта:
- тұрғындарды жедел хабардар ету;
- оқиғаның мән-жайы нақтыланған сайын кезең-кезеңімен ақпарат беру;
- жаңа мәліметтер түскен жағдайда қайталама хабарламалар тарату;
- ресми интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, барлық қолжетімді байланыс арналары арқылы ақпарат тарату тәртібі көзделуі тиіс.
Келісім бекітілгеннен кейін талапкер өз талаптарынан бас тартты. Осыған байланысты әкімшілік талап-арыз қайтарылды.
Сот ұйғарымы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде зауытта жарылыс болып, құтқарушылар зардап шеккендерді іздеп жатқанын хабарлаған едік. Кейін үш адам қаза хабарланды. Компания қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Оған қоса оқиға орнынан ауруханаға бес адам жеткізілді, олардың үшеуі тексерістен кейін жеңіл жарақаттармен үйлеріне жіберілген. Тағы екі адам өте ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді
Оқыңыз