Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында тағы 30 отбасы баспаналы болды

Тұрғын үй ауласы
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Тұрғын үй кезегінде ұзақ жыл бойы тұрған Сәтбаев қаласының 30 отбасы бүгін қоныс тойын тойлады. Құрылысы енді аяқталған жаңа тұрғын үйлердің пәтер кілттері халықтың әлеуметтік осал топтары мен өзге де арнайы санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтарға табысталды. Жалпы, биыл жыл соңына дейін Ұлытау облысында 900-ге жуық отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімі Мұрат Бөрібаев салтанатты түрде табыстап, қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.

"Өздеріңіз білетіндей, мамыр айында да 30 отбасының жаңа баспанаға қол жеткізген қуанышына ортақ болған едік. Бүгін сол игі істің жалғасы ретінде тағы бірқатар отбасын қоныс тойымен құттықтап отырмыз. Қаламыздағы тұрғын үй қорын жаңғырту және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады", – деді Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев.
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі
"Бүгін менің отбасым үшін ерекше, қуанышты күн болды. 2014 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрып, көптен күткен баспанама қол жеткіздім.Осы уақыт ішінде арманымыздың орындалуын күттік. Бүгін міне, өз үйіміздің кілтін алып, үлкен қуанышқа бөленіп отырмыз. Осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен қала басшылығына, мемлекетімізге алғысымды білдіремін. Жаңа шаңырағымыз құт-берекеге толып, әр отбасы осындай қуанышқа жетсін!", – деді жаңа пәтер иесі Бекзат Балғабаева.
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі
“Бұл – мен үшін көптен күткен ерекше қуаныш. Бүгінгі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын, қатты толқып тұрмын. 2014 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. Осы жылдар бойы өз баспанам болса екен деп армандадым. Кеше пәтер кілтін алатынымды естігенде ерекше қуанып, көптен күткен арманымның орындалғанына сене алмай тұрдым. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Бүгін екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алып, үлкен бақытқа кенеліп отырмын. Бұл – мен үшін ғана емес, жақындарым үшін де үлкен қуаныш. Осындай мүмкіндік жасап, бізге қолдау көрсеткен мемлекетке, облыс және қала басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Барша баспана кезегінде тұрған азаматтарға осындай қуанышты күн тезірек бұйырсын. Жаңа шаңырағымыз құт-берекеге, бақ-берекеге толы болсын", – деді жаңа пәтер иесі Біржан Қожағұлов.

Аталған жоба Ұлытау облысы әкімдігі мен Отбасы банк арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылуда.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Айта кетейік, облыс құрылған сәттен бастап, өңірде 400 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 73 мың шаршы метр баспананың құрылысы аяқталады деп күтілуде

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 18:24