"Полициямен қорқытып жатыр": Алматыдағы Самал-3 тұрғындары саябақтың құрылысқа берілуіне қарсы шықты

Алты жылдан бері Самал-3-тегі жалғыз скверді қорғап келе жатқан тұрғындар енді құрылысқа қарсы тағы да дабыл қақты. Олар жиналыс өткізуге тыйым салынып, полициямен қорқытылғанын мәлімдеді. Осы мәселеге қатысты Stan.kz Алматы қаласы әкімдігінен ресми түсініктеме сұрап, даудың анық-қанығын білді.
Самал-3-тегі даулы жерге қатысты мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын да тұрғындар дәл осы аумақта көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы шығып, жалғыз жасыл аймақты сақтап қалуды талап еткен болатын. Сол кезде әкімдік тұрғындардың наразылығынан кейін жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанын, қазаншұңқырдың жабылып, аумақ абаттандырылып, мұнда сквер салынатынын мәлімдеген еді. Алайда араға үш жыл салып, дәл осы аумақ қайтадан қоғам талқысына түсті.
Бұл жолы тұрғындар жасыл аймақтың бір бөлігінде жеке мектепке тиесілі нысанның құрылысы жүріп жатқанын айтып, тағы дабыл қақты. Редакция осы даудың қалай басталғанын, сол кездегі уәделердің қалай орындалғанын және бүгінгі жағдайдың мән-жайын еске түсіреді.
Әлеуметтік желіде алматылық тұрғындардың бірі Самал-3 шағынауданындағы жалғыз жасыл аймақтың құрылысқа берілуіне қатысты шағым жариялады.
Жазба авторының айтуынша, Меңдіқұлов көшесінің бойында, Қажымұқан көшесінен төмен орналасқан сквер аумағына жеке мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.
"Құрылысты тоқтатыңыздар! Самал-3 шағынауданындағы Меңдіқұлов көшесінің бойында, Қажымұқан көшесінен төмен орналасқан жалғыз жасыл аумаққа Кеңес Рақышевтің жекеменшік мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Осы құрылысты тоқтатуға көмектесулеріңізді сұраймыз! Біз бір жылдан бері Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесе алмай келеміз. Неліктен тұрғындардың пікіріне осылайша немқұрайлы қарайды? Бұл мәселе бойынша тұрғындардың жиыны алғаш рет 2021 жылы өткен болатын. Ал қазір бізге жиналысқа шығуға тыйым салынып, полициямен қорқытып жатыр деп мәлімдейміз”, – дейді пікір иесі.
Жарияланымның астында пікір қалдырған оқырмандардың бірқатары Алматыдағы тығыз құрылысқа, инфрақұрылымның жүктемесіне және жасыл аймақтардың азаюына алаңдаушылық танытты.
"Қалада біртүрлі мазасыз ахуал қалыптасты. Біздің шағынауданда барлық балалар алаңын бұзып тастады. Бір айға жуық уақыт өтті, бірақ ештеңе өзгермеді", "Қалада не болып жатыр? Қайда қарасаң да құрылыс. Барлық жер қазылған, айнала бетон тұрғын үй кешендеріне толып кетті", "Мен де осы ауданда тұрамын. Көлік қоятын орын қалмады. Соған қарамастан құрылыс жалғасып жатыр. Наразылық білдірушілерді қолдаймын, бұл жерге тағы мектеп салу мүмкін емес", – деп жазды желі қолданушылары.
Кейбір қолданушылар бұрынғы әкімнің тұсында мұндай жағдай болмағанын жазса, енді бірі тұрғындардың скверді алты жылдан бері қорғап келе жатқанын еске салды.
"Алматы әкімдігіне қатысты сұрақ күннен-күнге көбейіп барады...", "Досаевтың кезінде мұндай жағдай болмаған еді", "Қаланы жоюды тоқтатыңыздар!", "Шенеуніктерден әбден шаршадық. Әлгі жергілікті олигархтар да мезі етті", "Скверді қанша жылдан бері күтіп келеміз! "Жаңа Қазақстан" деп уәде берген еді ғой. Халықты неге әуре-сарсаңға саласыздар? Әкімдік не ойлап отыр? Неге берген уәделеріңізді орындамайсыздар?" "Бір бай бүкіл ауданды адамдарымен қоса сатып алған сияқты. Енді ешкім көмектеспейді, бәріне тек үндемей шыдау ғана қалған", "Тұрғындар осы жасыл аумақты алты жылдан бері қорғап келеді", – деп тұрғындар жанұшыра жазды.
"Бұрын берілген рұқсат құжаттары кері қайтарып алынды"
Алматы әкімдігі Самал-3 шағынауданындағы саябақ құрылысына қатысты тұрғындардың үндеуіне түсініктеме берді
"Алматы қаласының Самал-3 шағынауданының тұрғындары әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Меңдіқұлов пен Қажымұқан көшелерінің қиылысындағы жер учаскесін саябақ салу үшін мемлекет мұқтажына қайтару туралы талаппен қала әкімдігіне үндеу жолдады. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін ауданы 0,50 гектар болатын аталған жер учаскесі жекеменшік иелігінде болған. 2020 жылы жер учаскесінің меншік иесіне көппәтерлі тұрғын үй кешені мен бизнес-орталық салуға арналған жобалау алдындағы құжаттама берілген. Кейіннен қала әкімдігі тұрғындардың пікірін ескере отырып, бұрын берілген рұқсат құжаттарын кері қайтарып алды", – деп жауап берді Алматы әкімдігі.
Сондай-ақ аталған жер учаскесін сатып алған инвестормен келісімге қол жеткізіліп, ол жердің жартысын 0,25 гектарын қала меншігіне өтеусіз негізде берді. Бұдан бөлек, инвестор өз қаражаты есебінен жақын маңдағы тұрғындардың келісімімен әзірленген жобаға сәйкес саябақ аймағын абаттандырмақ дейді әкімдік.
"Қалған 0,25 гектар аумақта жер учаскесінің меншік иесі "Шоқан Уәлиханов атындағы Жекеменшік мектеп" ЖШС жылыжай құрылысын жүргізіп, оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын жүзеге асыруда. Жоба жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес Сәулет және қала құрылысы басқармасы берген жобалау алдындағы құжаттар негізінде іске асырылып жатыр. Әкімдік мәліметінше, жоба аясында күрделі құрылыс нысандарын салу көзделмеген. Жер учаскесі жекеменшік иелігінде болғандықтан және жоба оның нысаналы мақсатына толық сәйкес жүзеге асырылып жатқандықтан, берілген жобалау алдындағы құжаттаманың күшін жою заңнамаға сәйкес мүмкін емес", – деп пікір білдірді Алматы әкімдігі.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді