Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Каспий теңізінің түбімен интернет кабелін тарту жұмыстарын бастады

Фото: Alibaba

Бакуден шыққан арнайы кеме Каспий теңізінің түбімен Ақтау бағытына талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеуге кірісті. Ауа райы қолайлы болса, кабель тарту жұмыстары 15-20 күнде аяқталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Қытайдан жеткізілген кабель Құрық портына әкелініп, кейін Бакуге жөнелтілген. Сол жерде ол арнайы кемеге тиелді. Қазақстан мен Әзербайжанға тиесілі кабель бөліктері өзара жалғанып, қажетті тексерістен өтті.

Жұмысты салмағы 20 мың тоннадан асатын арнайы кабель төсеуші кеме атқарып жатыр. Кеме бортында 70 адам бар. Олардың қатарында техникалық мамандар мен “Қазақтелеком” өкілі де бар.

Құрылыс басталмас бұрын мамандар теңіз түбін зерттеп, қауіпсіз бағытты анықтады. Маршрут зәкір тастайтын аумақтар мен әскери жаттығу аймақтарын айналып өтеді. Сонымен қатар жобаға экологиялық рұқсат берілген.

Желіні “Қазақтелеком” мен әзербайжандық Azertelecom Int компаниясы бірлесіп құрған CaspiLink B.V. компаниясы салып жатыр.

Транскаспийлік байланыс желісін 2026 жылдың соңына дейін толық іске қосу жоспарланған. Жоба Қазақстан, Әзербайжан және Еуропа арасындағы интернет арналарының өткізу мүмкіндігін арттыруға тиіс.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 11:17