Нұрай Серікбайға қатысты сотта куәгер қылмысқа қатысты көргенін айтып берді

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың соты жалғасып жатыр. Сотта оқиғаны көзімен көрген куәгерден жауап алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгердің айтуынша, оқиға болған күні ол дүкеннен азық-түлік алып, үйіне қайтып келе жатқан. Ол Төлеметова 69/32 мекенжайдағы үйдің ауласына кіретін жолға жақындағанда бір қыздың айғайлаған дауысын естіген.
Оқыңыз“11 қаңтар күні кешкі сағат 18:10 шамасы. Жұмыстан қайтып келе жатқан едім. Төлеметова 69/32 мекенжайындағы үйдің алдында келе жатқан едім. Арғы жақта 69/39- 69/26 үйдің арасында қыздың дауысы шықты. Не болып жатыр деп ойладым. Бірақ әлі оларды көрмеген едім. Аулаға өтетін жолға жақындаған кезде бір бала алдымнан жүгіріп, қашып бара жатты. Мен ұрып қашып бара жатыр деп ойладым. Оған қазір полиция шақырамын деп ұрыстым. Бір кезде жерге қарасам қыз жатыр екен. Арғы жақтан бір апай келген екен”, – дейді куәгер.
Оған қоса куәгер сотталушы қайта айналып келіп тағы пышақ сұққаннын айтты.
“Бір кезде әлгі жігіт қайта айналып келіп, жерде жатқан қызға тағы пышақ сұқты. Ал мен қорқып, тұрып қалдым. Сосын өз үйіме қарай қашып кеттім. Пышақ үлкен болды. Дала қараңғы, бірақ пышақ көрініп тұрды. Күдікті бойы мен шашы ұзын болды. Жас бала деп ойладым. Полицияны жолдан өтіп бара жатқан жігіттер шақырған сияқты. Себебі оларды кейін полиция бөлімшесінен көрдім”, – дейді куәгер.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
"Заманауи болу үшін өз мәдениетіңнен бас тартудың қажеті жоқ": Қазақстандық этнодизайнер ұлттық киімдер қалай сәнге айналғанын айтып берді