Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қызметкерді сын айтқаны үшін жұмыстан босатуға бола ма: Сот жауап берді

қызметкер
Фото: magnific.com

Астанадағы медициналық орталықтардың бірінде жұмыс істейтін анестезиолог-дәрігер мен әріптестері арасында жанжал туындаған. Кейін бұл жағдай дәрігерге сөгіс жарияланып, ақыр соңында жұмыстан шығарылуына дейін барған. Алайда апелляциялық сот жұмыс берушінің әрекетін заңды деп таппады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс материалдарына сәйкес, алғашқы жанжал 2025 жылдың қыркүйегінде болған. Медициналық орталықтың екі қызметкері анестезиологтың іскерлік әдеп нормаларын бұзғанын айтып, оған шағымданған. Осыдан кейін жұмыс беруші дәрігерден жазбаша түсініктеме талап етіп, екі аптадан соң оған тәртіптік жаза ретінде сөгіс жариялаған. Бұйрықта дәрігерге тағы бір заңбұзушылық тағылған. Атап айтқанда, ол операция жасалатын баланың заңды өкілдерінің анестезияға келісімін операция күні ғана алған.

Апелляциялық сот медициналық ұйымның ішкі ережелерін зерттеп, келісім операциядан бүрын және наркоз салынар алдында алынуы тиіс деген қорытындыға келді. Сондықтан сот осы бұзушылық үшін жарияланған сөгісті заңды деп таныды.

Ал дәрігердің іскерлік әдепті бұзғаны дәлелденбеген. Себебі жұмыс беруші тек басқа қызметкерлердің шағымдарына сүйенгенімен, оны растайтын өзге объективті дәлелдер ұсынбаған.

Бірнеше айдан кейін дәрігерге қатысты тағы бір қызметтік жазба дайындалған. Онда оның жанжалға бейім екені, әріптестерімен жиі пікірталасқа түсетіні, эмоциясын ашық білдіретіні және жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерді сынайтыны көрсетілген. Осыдан кейін медициналық орталық онымен еңбек шартын бұзған.

Алайда апелляциялық сот мұндай себептер қызметкерді жұмыстан шығаруға жеткілікті негіз емес екенін айтты. Соттың пікірінше, қызметтік жазбаларда дәрігердің нақты қандай тәртіптік құқық бұзушылық жасағаны дәлелденбеген.

Сот алқасы қызметкердің еңбек процесіндегі кемшіліктерді айтып, басшылыққа қолайсыз сұрақтар қоюы немесе жұмысты ұйымдастыруды сынауы өздігінен іскерлік әдепті бұзу болып саналмайтынын айтты. Сондықтан мұндай әрекеттер адамды жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды.

Нәтижесінде апелляциялық сот екінші тәртіптік жаза мен жұмыстан шығару туралы бұйрықтарды заңсыз деп таныды. Дәрігер анестезиолог-реаниматолог қызметіне қайта орналасты. Сонымен қатар медициналық орталық оған мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кезеңдегі жалақысын, моральдық зиян үшін өтемақыны және өкілінің қызметіне кеткен шығындарды өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда медорталық директоры қызметкерін балағаттағаны үшін 1 миллион теңгеден аса өтемақы төлейтін болғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 23:10
Талқылау