Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропалық Одақтың жаңа санкциялар тізіміне Қазақстан компаниялары да енді

санкция еуропалық одақ
Фото: magnific.com

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін бекітті. Жаңа шектеулер аясында санкция тізіміне Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Түркия және өзге елдердегі компаниялар енгізіліп, олар Ресейге қарсы экспорттық шектеулерді айналып өтуге ықпал етті деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа шектеулер Ресейдің Украинаға қарсы соғысына байланысты енгізілді. Санкциялар Ресей экономикасы мен әскери өнеркәсібі үшін маңызды деп саналатын салаларды қамтиды.

Жаңа пакетке 218 нысан енгізілді: оның ішінде 48 жеке тұлға және 170 ұйым бар. ЕО бұл соңғы төрт жылдағы ең ірі жеке санкциялар пакеті екенін мәлімдеді.

Қаржы секторында 94 банк пен ірі қаржы институтының активтері бұғатталып, оларға қаражат беруге тыйым салынады. Сонымен қатар тағы 33 ресейлік банк пен қаржы ұйымымен мәміле жасауға шектеу қойылды.

Санкциялар Қырғызстандағы бір банкке және санкцияларды айналып өтті деген күдікпен үш шетелдік банкке де қатысты. Бұдан бөлек, Грузия, Панама, БАӘ, Маршалл аралдары, Қырғызстан және Беларусьте тіркелген 14 криптоплатформаға шектеу енгізілді.

Энергетика саласында ЕО Ресей мұнайына белгіленген баға шегін автоматты түрде қайта қарау тетігін 2027 жылдың 15 шілдесіне дейін тоқтатты. Сондай-ақ Ресейдің "көлеңкелі флоты" тізіміне тағы 41 кеме қосылды.

Мұнай секторында Ресейдің үш мұнай өңдеу зауыты, Беларусьтегі ірі МӨЗ және ресейлік нарықта беларусь мұнай өнімдерін сатуға құрылған компанияны қоса алғанда 18 ұйым мен бір адам санкцияға ілікті.

Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қатысы бар 56 жеке және заңды тұлға да жаңа тізімге енгізілді. Оның 37-сі алыс қашықтыққа ұшатын дрондар мен олардың өндірісі және жеткізу тізбегіне байланысты.

Сонымен қатар қос мақсаттағы тауарлар мен технологияларға қатысты экспорттық шектеулерге 51 жаңа компания енгізілді. Олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Гонконг, Үндістан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ұйымдар бар. ЕО бұл компаниялар микроэлектроника, CNC станоктары және жартылай өткізгіш өндірісіне арналған жабдықтарға қатысты экспорттық шектеулерді айналып өтуге көмектесті деп есептейді.

Жаңа пакет сондай-ақ әскери мақсатта қолданылуы мүмкін өнімдерге экспорттық тыйымды кеңейтеді. Олардың қатарында никель және бериллий ұнтақтары, авиация мен қорғаныс саласына арналған материалдар, дрондарға арналған жабдықтар, бөгеу және ұстап қалу жүйелері, ұшыру құрылғылары мен сервомоторлар бар.

Импортқа қатысты шектеулер де кеңейтілді. Тыйым салынған тауарлар қатарына мыс, никель, қорғасын және бағалы металдардың кендері, мырыш, мырыш пен хром оксидтері, шыны бұйымдары, жасанды інжу және автокөлік бөлшектері енгізілді.

Беларуське қатысты да Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың бір бөлігін қайталайтын қосымша шектеулер қабылданды. Олар саудаға және әскери өнеркәсіпке қатысты шараларды қамтиды.

Еске салайық, жуырда ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақтың жоғары басшылығымен кездесіп, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестікті, инвестиция, сауда және көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты талқылаған еді. Ал бұл жолы мемлекет басшысы Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту мәселелеріне назар аударды.

Айым Атамбаева
Жұма, 24 Шілде, 2026 10:03
Талқылау