Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктесі": Тоқаев Бельгия премьер-министрімен кездесті

Тоқаев пен Бельгия премьер-министрі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Барт де Вевер екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылап, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды.

Тоқаев Бельгияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктестерінің бірі ретінде атады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономикалық ықпалдастықтың қарқыны бұдан да зор әлеуетке ие. Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған 10 жетекші инвестордың қатарына кіреді. Соңғы 20 жылда аталған елден келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі – 15 миллиард доллар.

Өзара сауда айналымы да тұрақты түрде өсіп келеді. Оның көлемі былтыр 580 миллион доллардан асты.

“Қазақстанда Бельгия капиталының үлесі бар 110-нан астам компания жұмыс істейді. Бұл өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысымызды аңғартады. Танымал бельгиялық компаниялар біздің елдің нарығына көптеп келіп жатыр”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Премьер-министр Барт де Вевер екі ел арасында саяси диалог деңгейі жоғары екенін атап өтті. Ол Бельгияның екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге және стратегиялық серіктестік аясын кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді.

Тараптар көлік-логистика, аса маңызды минералдар, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Бұдан бөлек ғылым және білім беру саласындағы ықпалдастық, әсіресе, университеттер, зерттеу орталықтары мен технологиялық компаниялар арасындағы серіктестікті ілгерілету талқыланды.

Тоқаев Бельгия патшасы Филиппке және патшайымы Матильдаға сәлем жолдады. Президент екіжақты қатынастар тарихында алғаш рет Филипптің биыл Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Барт де Веверді өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. 

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Брюссельге ресми сапармен барғаны туралы жазған едік.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 23 Маусым, 2026 16:38