Ауырсынуды басатын дәрі үшін ұсталды: Қазақстандықты Грузияда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр

Грузияда ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек сақтағаны үшін ұсталған қазақстандықтың жұбайы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Оның айтуынша, жолдасы үш айдан астам уақыттан бері қамауда отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
44 жастағы Иван Щучинск қаласының тұрғыны. Ол халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізуші болып жұмыс істейді. Жұбайы Юлияның айтуынша, ер адамның омыртқасында төрт жарық бар. Соның салдарынан аяғына жүйке қысылып, жүруі қиындаған. Германиядағы компанияның медициналық орталығында ем қабылдап, дәрігердің рецептімен ауырсынуды басатын дәрілер жазылып берілген.
10 наурызда Иван Германиядан Грузияға жүк көлігімен кезекті рейске шыққан. Поти қаласына жеткен кезде тексеру барысында дәрі қобдишасынан Грузия заңнамасында тыйым салынған зат бар ауырсынуды басатын дәрі табылып, ол бірден қамауға алынған.
Қазір оған есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау немесе тасымалдау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жергілікті заңнамаға сәйкес, бұл бап бойынша 9 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Иванның жұбайы әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде бұл жағдайдың отбасы үшін үлкен соққы болғанын айтты.
“Жолдасым рейске кетіп, қайта оралмады. Біз қарапайым отбасымыз. Мен шаштараз болып жұмыс істеймін, ол жүргізуші. Заңды бұзып көрген адам емес. Енді бізге оны 9 жылға соттауы мүмкін екенін айтып жатыр. Тіпті оны енді ешқашан көрмей қаламыз ба деп қорқамыз”, – дейді Юлия.
Оның сөзінше, кейінгі үш ай ішінде түрлі мекемелерге жүгінгенімен, нақты нәтиже болмаған. Сондай-ақ отбасыға процессуалдық келісім жасау ұсынылғанымен, оған қомақты қаражат қажет екені айтылған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтың ұсталғанын растады. Ведомство мәліметінше, Иван 22 сәуірде Поти қаласында қамауға алынған. Қазір қазақстандық дипломаттар оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Алайда туыстары елшілік өкілдері олармен тек үш ай өткен соң ғана байланысқа шыққанын айтып отыр.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты
Оқыңыз