Ақтөбеде әйел 17 тұрғынды пәтер айырбастау сылтауымен алдап кеткен

Ақтөбеде 46 жастағы әйел өзінің үш бөлмелі пәтерін кішірек баспанаға қосымша ақы алып айырбастаймын деп, 17 тұрғыннан ақша алған. Алайда уәде етілген пәтерлер берілмей, күдіктіге қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбеде 46 жастағы әйел жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметінше, ол өзінің үш бөлмелі пәтерін ауданы кішірек баспанаға қосымша ақы алу арқылы айырбастауды ұсынып, интернетке хабарландыру жариялаған. Бұл ұсынысқа сенген 17 ақтөбелік оған ақша берген. Алайда олардың ешқайсысы уәде етілген үлкен пәтердің иесі атанбаған.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті 2025 жылдың соңынан бері 17 тұрғынды алдап, алған ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша "Алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын және өзге де ықтимал эпизодтарды анықтап жатыр.
Полиция жылжымайтын мүлікпен мәміле жасау кезінде мынадай сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- мәміле ресми рәсімделіп, мемлекеттік тіркеуден өтпей тұрып ақша бермеу;
- жылжымайтын мүлікке қатысты құқық белгілейтін құжаттарды мұқият тексеру;
- нотариус пен жылжымайтын мүлік саласының мамандарының қызметіне жүгіну;
- алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласу.
Еске салайық, бұған дейін Алматы прокуратурасы өзін құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар тобының жолын кескенін хабарлаған еді. Тергеу мәліметінше, алаяқтар алматылық зейнеткерлерді пәтерлерін сатуға көндіріп, ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуға мәжбүрлеген. Салдарынан келтірілген жалпы шығын 1,5 миллиард теңгеден асқан.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді