Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арзан көрінеді": Қайрат Нұртас пен Балжан Бидаштың жаңа бейнебаяны сынға қалды

Қайрат Нұртас пен Балжан Бидаш
Фото: instagram.com/bidash_official

Қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртас пен “КешYOU” тобының экс-солисі Балжан Бидаш тыңдармандарына “Sen zhane men” атты жаңа туындысын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа әннің жарыққа шыққанын қос өнерпаз әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлады. Бұған дейін Қайрат Нұртас жаңа дуэтке ишара жасап, студияға кірген сәтінен видео жариялаған еді. Бейнежазбада оны Балжан Бидаш қарсы алған. Сол кезде-ақ жанкүйерлер қос әншінің тыңдарманға тосынсый дайындап жатқанын болжаған.

Көп ұзамай олардың бірлескен әні мен бейнебаяны жарық көрді. Қайрат Нұртас жаңа туындыны интернеттен тыңдауға болатынын айтып, Балжан Бидашқа шығармашылық табыс тіледі.

“Бидашпен бірге орындаған жаңа әніміз жарыққа шықты. Интернеттен тыңдай аласыздар. Саған сәттілік, Балжан”, – деді әнші.

Ал Балжан Бидаш бұл туындыны шығармашылығындағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде қабылдағандай. Ол тыңдармандарды әнді тыңдап, би билеуге шақырды.

“Ән хит болсын. Тыңдаңыздар және билеңіздер”, – деді әнші.

Алайда жаңа бейнебаян желі қолданушылары арасында әртүрлі пікір тудырды. Бірі Қайрат Нұртас пен Балжан Бидаштың дуэтін сәтті шыққан жұмыс деп бағаласа, енді бірі клиптегі визуалды шешімдерді сынға алды.

Пікір жазғандардың бір бөлігі әннің тез есте қалатынын айтып, оны маусымның хитіне балаған. Тыңдармандар “Хит”, “Қайталап тыңдай бергім келеді”, “Керемет дуэт”, “Әдемі орындаушылар, әдемі ән”, “Балжанға сәттілік” деген жылы пікірлер қалдырған.

Сонымен қатар клипке көңілі толмағандар да аз емес. Кейбір қолданушылар бейнебаянда жасанды интеллект элементтері тым көп қолданылғанын айтып, мұндай тәсіл клиптің әсерін әлсіреткенін жазды. Олар визуалды көріністердің жасандылау шыққанын, ал кейбір кадрлар өзге әртістердің бейнебаяндарына ұқсайтынын алға тартқан.

“Неге бәрі жасанды интеллектке көшіп кетті? Арзан көрінеді”, “Тым жасанды көрінеді”, “Бұрынғы дуэттері есте қаларлық еді”, “Клиптен көп үміт артып қойыппыз” деген пікірлер де жазылды.

Еске салайық, бұған дейін украиналық орындаушы Светлана Лобода мен қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың бірлескен жаңа жұмысы көпшіліктің назарын аударғаны хабарланған еді. Клиптің визуалдық шешімі әдеттегіден бөлек. Бейнебаянда Лобода су перісі бейнесінде көрініп, Қайрат Нұртастың айналасында жүзеді. Дегенмен желідегі реакция біркелкі емес. Бірі қос өнерпаздың батыл қадамын жоғары бағаласа, енді бірі клиптің мағынасы мен визуалдық стилін түсінбегенін жазған. Пікір қалдырғандар арасында “ерекше жұмыс”, “күтпеген дуэт” деген жылы лебіздер де, “түсініксіз клип”, “тым оғаш шешім” деген сын да бар.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 10 Шілде, 2026 17:25