Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Трампты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Трамп пен Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, оны АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық пен ядролық қауіпсіздік мәселелері талқыланып, Қазақстан президенті Трампты елімізге ресми сапармен келуге шақырды.

Ақорданың хабарлауынша, телефон арқылы өткен әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қару мен жоғары байытылған уранның таралуына жол бермеу жөніндегі ұстанымы өзгермейтінін растады. Сондай-ақ ол халықаралық бақылау режимін нығайту мақсатында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Президент Ақордада АҚШ сенаторы Стив Дэйнс, АҚШ президентінің арнайы өкілі Серджио Гор және Ақ үйдің өзге де жоғары лауазымды өкілдерімен өткен кездесулердің нәтижесіне оң баға берді.

Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

 

Еске салайық, бұған дейін 14 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампты туған күнімен құттықтап, Қазақстанның АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді. Президент жоғары деңгейдегі саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Шілде, 2026 19:42