Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Партияның сайлауалды бағдарламасы кабинетте отырып жазылған жоқ – Айбек Дәдебай

"Әділет" партиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына 186 кандидаттан тұратын ең ауқымды партиялық тізімді ұсынды. Бұл туралы бүгін Астана қаласында өткен "Әділет" партиясының кезектен тыс III Съезінде белгілі болды. Жиынға 1000-нан астам делегат қатысты.

Сондай-ақ Съездің күн тәртібі аясында партияның Сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұдан бөлек, мүшелік партиялық жарналардың мөлшері бекітілді.

Партия Төрағасы Айбек Дәдебай "Әділет" партиясының Сайлауалды бағдарламасы ауқымды сараптамалық және қоғамдық жұмыс нәтижесі екенін атап өтті.

"Бүгін бекітілген партияның сайлауалды бағдарламасы кабинетте отырып жазылған жоқ. Оның негізіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиялық бастамалары, әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы, "Әділет" партиясы өткізген көптеген стратегиялық талқылаудың нәтижесі, сондай-ақ азаматтардың ұсыныс-пікірі мен жетекші сарапшылардың ұсыныстары арқау болды", – деді Айбек Дәдебай.

Ал партия Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Ирина Тен бағдарламада елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін кеңейту,  орман алқабын ұлғайту қадамдары қарастырылғанын жеткізді.

"Экология,  табиғатты қорғау – бұл келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Экология да – әділдік өлшемдерінің бірі. Президентіміздің "Таза Қазақстан" тұжырымдамасының құндылықтары – елдің даму философиясы", – деді Ирина Тен.

Сонымен қатар Айбек Дәдебай партияның Сайлауалды бағдарламасы алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап қана қоймай, бүгінде қоғам үшін ең өзекті мәселелерді шешетін нақты тәсілдерін де көрсететінін алға тартты.

"Біздің бағдарламаның басты ерекшелігі – оның мемлекеттік аппараттың емес, азаматтардың мүддесіне негізделуінде. Бағдарламаның әрбір бөлімінің өзегінде нақты адам, оның тұрмыс-тіршілігі, мүддесі, үміті мен қажеттілігі тұр", – деді партия төрағасы.

Жиын соңында Съездің қорытынды Қаулысы қабылданды.

 

Stan.kz
Жұма, 10 Шілде, 2026 19:00