Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді

Қазақстандық егіз Алексей мен Сергей Озеровтар – әлемге әйгілі канадалық Cirque du Soleil-дің әртістері. Teeterboard, яғни серіппелі тақтадағы акробатика өнерін меңгерген ағайындылар – Алматы облысының тумасы. Олар сүйікті ісіне деген махаббат пен әуестік әлемдік деңгейдегі цирк алаңына жетелегенін айтады. Егіз Stan.kz редакциясына берген сұхбатында цирк өнері, әртістердің сахнадан тыс өмірі мен 34 елдің әртістері жиналған ұжымда қазақстандық әртістертің патриоттық сезімі туралы айтты.
Алексей мен Сергей Озеровтар Алматы облысында дүниеге келген, балалық шағы Байсерке ауылында өткен. 28 жастағы жігіттер бала кезде басқа жеткіншектер секілді футбол ойнап, паркурмен айналысқан. Олар әйгілі дю Солей циркінде өнер көрсетеміз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген дейді.
“Өміріміз 10-сыныптан кейін өзгерді. Мектептегі сынып жетекшіміз Гүлназ Жанпейісованың ұсынысымен 17 жасымызда Ж.Елебеков атындағы Алматы республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түстік. Дәл сол сәттен бастап біздің цирк өнеріндегі үлкен жолымыз басталды. Біз жаттығуға “міндеттіміз, қажет” деп емес, өз қалауымызбен баратынбыз. Өміріміздің цирк өнерімен байланысты болатынын сол кезде түсінген шығармыз. Әрбір жаңа жетістік бізге ерекше қуаныш сыйлап, болашағымызды тек цирк өнерімен байланыстыра бастадық. Сол кезде бұл жай ғана әуестік емес, жан қалауымыз екенін түсіндік”, – дейді Алексей.
Егіз колледждің екінші курсында жүргенде оларды елордалық цирк жұмысқа шақырған. Бұл қазақстандық жігіттердің дю Солей циркінде өнер көрсету үшін жасаған алғашқы қадамы болғандай.
“Бұл жол оңай болған жоқ, бәрі әп-сәтте шешіле салмады. Қазақстандағы алғашқы "Қарсы тербелмелі әткеншек" (Встречные качели) труппасының құрамында, жетекшіміз Кирилл Столбовскихтің қол астында бір жылға жуық өнер көрсеттік. Осы жанрмен 2017 жылы өткен "Шабыт" халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алдық. Кейін Алматыға оралып, Нұрлан Алшынбаевтың жетекшілігімен "Лопингтегі вольтижер-акробаттар" жанрында жұмыс істеуге шақырту алдық. Колледжді тәмамдағаннан кейін жеті жыл бойы Алматы мемлекеттік циркінде еңбек еттік. Осы уақыт ішінде үздіксіз жаттығып, түрлі қойылымдарға қатысып, халықаралық фестивальдерге бардық. Сонымен қатар Cirque du Soleil-ге өтінім жібердік. Оның жауабын шамамен төрт жыл күттік. Көп адам мұндайда үмітін үзер еді. Бірақ біз керісінше, осы уақытты өзімізді одан әрі шыңдауға арнадық. Күн сайын жаттығып, қатарынан Алматыдағы Kango батут паркінде жұмыс істедік”, – дейді егіздің сыңары.
Десе де ағайындылар сүйінші хабар алды. Алексей мен Сергей Warner Bros. тематикалық саябағында өнер көрсетіп, Әбу-Дабиде гастрольде жүрген. Осылайша олар әлемге әйгілі цирктің әртісі болуға шақырту алған.
“Бастапқыда біз “ең маңыздысы – күрделі трюктерді орындау” деп ойладық. Бірақ дю Солей циркінде әртіс тек спортшы ғана емес екенін түсіндік. Мұнда актерлік шеберлік, кейіпкерлермен өзара әрекеттесу, эмоцияны жеткізе білу, тіпті ең ұсақ-түйек заттарға дейін мән беру аса маңызды. Сен жай ғана күрделі элементті орындап қоймай, көрерменге тұтас бір оқиғаны айтып беруің керек”, – дейді жұмысын бар болмысымен сүйетін әртіс.
Егіз “Teeterboard” жанрында, яғни тепе-теңдік тақтасында орындалатын акробатиканың шебері. Бұл акробатикалық жанрға да ағайындылар кездейсоқ келдік дейді.
“Алдымен жай ғана байқап көрдік, кейін өзімізге қатты ұнап қалды. “Teeterboard” жанрын таңдауға "Қарсы тербелмелі әткеншекте" жүріп жинаған тәжірибеміз де әсер етті. Меніңше, бұл жанр бізге өте жақын. Өйткені онда жылдамдық, тәуекел, бір-біріңе деген сенім және үздіксіз командалық жұмыс бар. Біздің жанрда жалғыз өзің мықты болу мүмкін емес. Екеуіміз де бір-біріміз үшін жауаптымыз. “Teeterboard” жанрының ерекшелігі де дәл осында”, – дейді Алексей.
Ағайындылардың алғашқы жаттығуынан бері бүгінге дейін он бір жылдан астам уақыт өткен. Бірақ ең қызығы “бәрін меңгердім" деген сезім әлі күнге дейін болған емес дейді. Алексей тәуекел мен қауіп бар жерде жарақаттар мен құлайтын сәттердің де болатынын жасырмады.
“Үнемі шыңдап, жетілдіріп отыратын тұстар, үйренетін жаңа дүниелер және ұмтылатын жаңа белестер табылады. Біздің жанр шынымен де цирк өнеріндегі ең қауіпті бағыттардың бірі саналады. Әрине, осы жылдар ішінде құлаған кездеріміз де, жарақат алған сәттеріміз де болды. Абырой болғанда, ауыр жарақаттар болған жоқ. Дегенмен, кей жарақаттан кейін бәрін қайтадан басынан бастап үйренуге тура келді. Осындай сынақтар адамды төзімді болуға үйретіп, алға басқан әрбір қадамның қадірін тереңірек түсінуге көмектеседі. Көбіне ең қиын элементтер сырт көзге ең әсерлі болып көрінбейді. Кей трюктердің қиын әрі қауіпті болатыны соншалық, қатенің құны өміріңе татиды. Белгілі бір қозғалысты жүз қайталап орындасаң да, әр қойылым кезінде жұмысқа бар зейініңді қою керек”, – дейді егіз.
Цирк әртістері олардың жұмыс уақыты екі сағат көрермен алдында өнер көрсеткеннен кейін аяқталмайтынын айтты. Екі сағаттық көрсетілімнің артында үздіксіз жаттығу, жауапкершілік пен қобалжу сезімі тұратынын жеткізді.
“Біздің әрқайсымыздың жеке күн тәртібіміз бар. Күніміз көбіне жаттығудан басталады. Одан кейін репетиция, қалпына келу жұмыстары және шоуға дайындық жүреді. Оның ішінде грим жасау да бар. Гримді өзіміз жасаймыз, оған шамамен 40 минуттан 1,5 сағатқа дейін уақыт кетеді. Содан кейін міндетті түрде дене қыздыру жаттығуларын жасап, сахнаға шығамыз. Қойылым аяқталған соң да қалпына келу процесі жалғасады. Шоумен бірге асүй мен асхана да бірге жүреді, сондықтан гастроль кезінде тамақтану мәселесі алдын ала ұйымдастырылады. Цирк әртістерінің қарапайым күні осындай қарқынмен өтеді”, – дейді Алексей.
Миллиондаған халықтың алдында бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп жүрсе де әртістер сахнаға шығар алдынғы қобалжу, толқу мен қорқыныш сезімінен арылу мүмкін емес дейді. Сондай-ақ олар мұны қалыпты құбылыс әрі пайдалы дүние деп санайды. Өйткені адам толқып тұрса, барынша жинақы әрі мұқият болуға тырысады дейді Алексей. Ал ең қауіптісі – сахнаға "бәрі оңай болады" деген оймен шығу. Айтуынша, өз мамандығыңа деген құрмет қана зейініңді жоғалтпауға көмектеседі.
Ағайынды дю Солей циркі адамдарға құрметпен қарауды үйретті дейді.
“Мұнда біреуді маңызды, енді бірін маңызды емес деп бөлмейді. Әр әртіс шоудың үлкен команданың бірлескен еңбегінің арқасында ғана жүзеге асатынын жақсы түсінеді. Біздің құрамда әлемнің 34 елінен келген әртістер өнер көрсетеді. Осындай көпұлтты ортада жұмыс істеу – біз үшін үлкен тәжірибе беріп, ерекше әсер қалдырды. Біздің шоуда бәсекелестік бар, бірақ ол – сау бәсеке. Мұнда ешкім бір-бірінің дамуына кедергі келтірмейді. Керісінше, әркім қолдау көрсетуге дайын. Себебі бәрінің мақсаты бір – шоуды бұрынғыдан да жоғары деңгейде көрсету”, – дейді егіз әйгілі цирк ұжымындағы өмірі туралы айтып.
Алексей мен Сергей Озеровтар ECHO шоуы құрылған сәттен, яғни 2023 жылдан бері осы цирк ұжымында өнер көрсетеді. Қазір шоу Солтүстік Америкадағы гастрольдік турын аяқтауға жақын. Осы уақыт ішінде олар мыңнан астам қойылым қойып, қойылымды 2 миллионнан астам көрермен тамашалап үлгерген.
Қазақстандық жігіттер шетелде отандастарын жиі кездестіретінін және сол сәтте кеудесін керемет қуаныш сезімі кернейтінін айтып қалды.
“Біз үшін әлемдік сахнада Қазақстан атынан өнер көрсету – үлкен жауапкершілк әрі өте маңызды. Қай жерде өнер көрсетсек те, өзіміздің Қазақстаннан екенімізді әрдайым мақтанышпен айтамыз. Еліміздің атауы аталғанда, адамдардың ойына спортшылар ғана емес, әлемдік деңгейдегі қазақстандық цирк әртістері барын да білгенін қалаймыз. Шетелде жерлестерімізді кездестірсек, олармен міндетті түрде байланыста болып, шоуымызға шақырамыз. Соның арқасында қазақ халқының мәдениеті мен өнері Батыс елдерінде де кеңінен насихатталып, дамып келе жатқанына көз жеткіземіз. Соңғы уақытта отандастарымыздың қолдауы барған сайын артып келеді. Қазақстаннан бізге жиі хат жазып, өнерімізді бақылап, қолдау білдіретін жандар көбейді. Біз бұған қуаныштымыз және бұл бізді шабыттандырады. Осындай қолдау бізді дю Солей циркіндегі өміріміз бен тәжірибеміз туралы көбірек контент жасап, өз тарихымызды көпшілікке бөлісуге ынталандырады”, – дейді егіздің сыңары.
Ағайынды әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстанды танытып жүрген тұлғалар туралы көп айтып, жиі насихаттау керек дейді. Қазақстаннан шыққан, әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген дарынды жандар өте көп. Егер олар туралы елімізде неғұрлым жиі айтылса, соғұрлым көп бала өз арманына сеніп, "менің де қолымнан келеді" деп сенеді әртістер.
Алексей мен Сергейдің ендігі үлкен мақсаты – өз шоуын туған елімізде, туған қаламызда көрсету.
Қазақстандық цирк әртістері кәсіби тұрғыдан дамып, жаңа элементтерді меңгеріп, өз тарихымыз арқылы адамдарға шабыт сыйлағысы келеді. Ал болашақта жинаған тәжірибесін жас буын цирк әртістеріне үйретіп, білімімізді бөліссек деген ниеті бар.
Егіз үшін бір кездері дю Солей циркіне қабылданып, оның құрамында өнер көрсету үлкен жетістік еді. Ал қазір Алексей мен Сергей үшін нағыз жетістік – әр таң сайын сүйікті ісіңмен айналысуға асығу. Өйткені олар үшін бұл жай ғана жұмыс емес, өмірінің бір бөлшегі, сүйікті ісі. Ал сахнаға шығып, өз өнерің арқылы көрерменге қуаныш пен ұмытылмас эмоция сыйлай алатыныңды сезіну – үлкен бақыт.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді