Анасын, жиенін және қонақтарды өлтірген қазақстандық ер адам түрмеден құтылып кетті

Астана маңындағы Жібек жолы ауылында төрт адамның өліміне әкелген қанды оқиға бойынша сот шешімі шықты. Параноидты шизофренияға шалдыққан деп танылған ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем қабылдайтын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған төрт адамның өліміне қатысты резонансты істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың наурыз айында айыпталушы мен оның жиені арасында ұялы телефонның бұзылуына байланысты жанжал шыққан. Жиені полиция шақырғанымен, тәртіп сақшылары келгеннен кейін тараптар татуласып, анасы ұлына қатысты шара қолданбауды сұраған.
Алайда полицейлер кеткен соң ер адам ашуға мініп, асүй балтасымен үйде болған адамдарға бірнеше рет соққы жасаған. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі қарт адам оқиға орнында көз жұмды. Қаза тапқандардың үшеуі зейнеткер болған.
ОқыңызСот-психиатриялық сараптама айыпталушының параноидты шизофрения түріндегі созылмалы психикалық дертке шалдыққанын анықтады.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, қылмыс жасалған сәтте ол өз әрекетіне есеп бере алмайтын жағдайда болған. Сондай-ақ оның тергеу әрекеттеріне және сот процесіне қатысуға психикалық жағдайы мүмкіндік бермеген. Белгілі болғандай, ол 2022 жылы да мәжбүрлі психиатриялық ем қабылдаған.
Осыған байланысты сот ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оны қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.
Еске салайық, наурыз айының басында Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында жантүршігерлік қылмыс болғаны хабарланған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өз отбасының бірнеше мүшесін өлтіріп, кейін олардың денелерін бөлшектеген. Қайғылы оқиғадан кейін күдікті ұсталып, соттың санкциясымен екі айға қамауға алынды. Марқұмдардың нақты саны мен қылмыстың өзге де мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты жарияланған жоқ. Кейін күдіктінің бұрын сотты болғаны белгілі болды.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді