Жүргізуші телефон емес құлағын ұстаған: Қазақстанда камера қате жазып айыппұл жіберсе не істеу керек

Қазақстандық жүргізуші телефон қолданды деген айыппұлмен келіспейді. Оның айтуынша, камера қолының қимылын қате танып, құқық бұзушылық деп тіркеген. Енді ол 10 АЕК көлеміндегі айыппұлға шағымданбақ. Қазақстандық адвокат осындай жағдайда жүргізушілер не істей алатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде көлік жүргізушісінің рөлде отырып телефонмен сөйлескені үшін айыппұл алғаны туралы жазбасы тарады. Алайда айыппұлға тіркелген суретте ұялы телефон көрінбейді. Суретте жүргізуші тек қолын құлағына жақын ұстап отырған немесе құлағын қасыған болуы мүмкін. Оның пікірінше, камера бұл қимылды көлік қозғалысы кезінде телефон пайдалану деп қате таныған. Енді жүргізуші 10 АЕК (43 250 теңге) көлеміндегі айыппұлға қалай шағымдануға болатынын сұрастырып жатыр.
Адвокат Жандос Палманов жүргізушілер мынадай жағдайларда:
- жауапкершілікке тарту рәсімі бұзылса;
- көлік иесінің деректерінде қате болса;
- автокөліктің мемлекеттік нөмірі дұрыс анықталмаса;
- құқық бұзушылық дәлелдері болмаса, камераның жұмыс істеу қабілетіне немесе тексеру мерзіміне күмән туындаса;
- фото және бейнематериалдар жүргізушіге тағылған құқық бұзушылыққа сәйкес келмесе айыппұлға шағымдана алатынын жеткізді:
Алайда маман әр жағдай жеке қарастырылуы қажет екенін де атап өтті. Адвокаттың түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес азаматтар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шығарылған қаулыға оны алған немесе табыстаған күннен бастап 10 тәулік ішінде шағым бере алады.
Палмановтың айтуынша, шағым беру мерзімін өткізіп алу жүргізушіні міндетті түрде өз құқығын қорғау мүмкіндігінен айырмайды. Егер мерзімнің өтіп кетуіне себеп болған жағдайлар негізді деп танылса, оны қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін тиісті өтінішті уәкілетті органға немесе сотқа беру қажет.
ОқыңызАйыппұлға шағымданбас бұрын жүргізуші қаулының мазмұнымен мұқият танысып, құқық бұзушылықты растайтын барлық материалдарды жинауы керек. Сондай-ақ бейнетіркегіш жазбалары, фотосуреттер, навигация деректері, құжаттар мен куәгерлердің көрсетулері сияқты дәлелдерді сақтағаны жөн. Осы материалдардың негізінде нақты қандай талаппен келіспейтінін көрсетіп, дәлелдері қоса берілген шағым дайындауы қажет.
Қажет болған жағдайда маман білікті заң көмегіне жүгінуге кеңес береді.
Шағымды:
- eGov және eOtinish платформалары арқылы;
- Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі (ӘҚББТ) платформасы арқылы;
- Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөліміне жеке бару арқылы жазуға болады.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді