"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқ киім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді

Желіде қалай боянып, сәнденіп дайындалғанын көрсеткен 90 жастағы әже көпті сүйсіндірді. Қысқа уақыт ішінде мыңдаған адамның ықыласына бөленген Күлсәр апа өзінің өмірге деген құштарлығымен, сергектігімен және әзіл-қалжыңымен жұрттың жүрегін жаулады. Зейнеткер 90-ға келсе де барлық тағамды өзі дайындайды, той-жиынға биік өкшелі аяқ киім киіп, әдемі болып жүргенді, саяхаттағанды ұнатады. Stan.kz тілшісі тағылымды тағдыры бар, заманауи көзқарастағы әжемен тілдесіп, тоқсан жасында да тың қалпының сыры, өмірлік ұстанымы мен ақыл-кеңесі туралы сұрады.
Күнсара Ахметова Ақтөбе облысының, Шалқар қаласының тумасы. Дегенмен бүгінде Алматы қаласында тұрады.
“Өзімді таныстырғанда кейде өлең шумақтарымен бастағанды ұнатамын:
“Тұрамын Алатаудың бөктерінде,
Алатау жетіп тұр ғой көкке күнге.
Мен өзім үш қыз туған анамын ғой
Отырармын жұмақтың қақ төрінде
Мен өзім балаларымның пірімін,
Біреуге ұсақ, ал біреуге ірімін.
Немере бағып өсірген көп әженің бірімін”, – деді кейуана.
Күлсара әже биыл наурыздың 17-сінде 90 жасқа толып, мерейлі түрде атап өткен.
“Соғысты да, дағдарысты да көріп өстік. Әкем мен ағам Ұлы Отан соғысына аттанды. Әкем елге аман оралды, ал ағам майданда қаза тапты.
Өзім фельдшер мамандығын алып, осы салада еңбек еттім. Жолдасым хирург-дәрігер болды. Екеуміз 65 жыл бірге өмір сүріп, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Өкінішке қарай, жолдасым бес жыл бұрын ковидтен дүниеден өтті. Әйтпесе денсаулығы мықты, шымыр адам еді. Бүгінде қыздарымды мақтан тұтамын. Бірі – акушер-гинеколог, кенже қызым – дәрігер. Әкесі де дәрігер болғандықтан, біздің отбасымызды дәрігерлер әулеті деуге болады.
Үш ұл, екі қыз немерем, жеті шөберем бар. Үлкен шөберем биыл мектеп бітірді, ал үлкен немерем қазір 42 жаста. Құдайға шүкір, балаларымның бәрі аман-есен. Бірі – ғалым, бірі – архитектор, бәрі өз саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мен үшін ерекше мақтаныш – немеремнің бірі жасанды интеллект саласында еңбек етеді. "Жасанды интеллектінің авторының әжесімін" деп әзілдеп айтып қоямын. Құдайға шүкір, балаларымның қызығын көріп отырмын. Бар ғұмырымызды ел қатарлы еңбек етіп, адал өмір сүруге арнадық”, – деді зейнеткер.
”10-15 күн сайын монша, көп кітап оқып, әдемі жүргенді ұнатамын”
Күнсара әже 90 жаста да сергек әрі жарқырап жүруі үшін аса бір ерекше күтім қолданбайтынын алға тартты. Айтуынша ең бастысы ешкімнің ала жібін аттамай, адамдықпен өмір сүру.
“Отбасы, балалар деп отырған қарапайым зейнеткермін. Жолдасым үйдің үлкені болғасын кезінде барлығы біздің мойнымызда болды. Жолдасымды Алматыға үлкен қызметке шақырып солай көшкенбіз. Шынымды айтсам жас көрінейін деп ештеңе істегенім жоқ. Арнайы ешқандай тәсілім де жоқ екен. Тек сол күтінетінім 10-15 күн сайын моншаға түсемін. Бала кезімнен осы моншаға баруды жібермеймін. Бояу да жақпаймын. Желідегі видеоны келінім өтініп түсірген. Ал былай өмірімде боянып көрмеген адаммын. Бір жаққа шығарда бір крем мен далап жағам. Өзім қарапайым құдайдың пендесімін. Біреуді жамандамаймын, өсек айтпаймын, айтатынымды бетке айтамын. Ал былайша ешқандай ауыз толтыратындай батырлық әрекетім жоқ. Батырлығым сол жолдасыммен 65 жыл бірге тұрып, бала-шағамды жетілдіргенім. Енді міне балаларымның амандығын тілеп отырған әжемін”, – деді ол.
Дегенмен кейуананың сүйікті істері де бар. Ол жас кезінен кітап оқуға құмар болғанын алға тартты.
“Бала кезімнен негізі шығармашылыққа өте жақын едім. Дегенмен бізде қазақта көбіне ата-ана “баланың таланты бар ма екен” деп қызығушылық танытпайды ғой. Далада бұзауларға қарап жүріп ойыма түрлі өлең шумақтары келетін. Оны біреуге айтуға да ұялатынмын. Кейін есейген соң анда-санда туған-туыстың, достардың туған күніне арнап шағын өлеңдер, құттықтаулар шығарып жүрдім. Бірақ оны арнайы өнер қылайын, ақын болайын деген ой болған жоқ. Одан бөлек кітапты өте көп оқыдым. Қазақ әдебиетінің кітаптарын түгелге жуық оқыдым десем болады. Орыс тіліндегі кітаптарды да көп оқыдым. Бұрын қазақтың барлық газет-журналдарына жазылатынбыз. Қолымызға тигеннің бәрін оқитынбыз. Қазақша да, орысша да көп оқыдым. Одан басқа, ерекше алып бара жатқан ештеңе жоқ. Қарапайым өмір сүріп жатқан адамдардыңың бірімін”, – деп қосты Күнсара әже.
“50 жасқа келе сала келінін жұмсайды: Мен 90 жаста тамақтың түр-түрін өзім пісіремін”
Күнсара әже қазір қызыммен бірге тұрады. Айтуынша, немере келіндерін бөлек шығарған. Әже жастарға еркіндік беруді қолдайтынын алға тартты.
“Немерелерімнің келіндері өте тәтті болады екен. Тәтті үш келінім бар. Үшеуі де тәрбиелі, инабатты қыздар. Қазір ата-ене мен келін туралы көп айтады. Теледидардан да, телефоннан да көбіне жаман ене мен жаман келінді ғана көрсетеді. Кейбір адамдар елуге келсе де, жатып алып: "Әй, келін, бері кел! Мынаны істе!" деп отырады. Ал мен 90 жасқа келсем де, барлық тамақты өзім дайындаймын. Үш күндік тамақты бірден жасап қоямын. Бауырсақ та пісіремін, бәліш те, торт та, түрлі нан да, ет те, басқа тағамдардың бәрін өз қолыммен әзірлеймін. Ешкімге міндет болмайын деймін.
Сосын көбісі 60 жасқа таяса ағарған шашпен, орамалын тағып, галошын киіп кемпір болдым деп отырады. Ал негізінде жастық қуат адамның ішінде болады. Қанша жаста болсаң да, жақсырақ көйлегіңді киіп, шашыңды бояп, жинақы жүрсең әрине сергек, қуатты, жас көрінесің. Өз басым жұбайымның бойы ұзын болғандықтан жас кезімнен өкшелі аяқ киім кигенді ұнататынмын. Қазір де жиын-тойда міндетті түрде өкшелі аяқ киімдерімді киемін”, – деп қосты ол.
Кейуана саяхаттағанды да ұнататынын жасырмады. Жақында ғана Бакуге қыдырып келген әже басқа да бірнеше елге барған.
“Түркияда болдым. Вьетнамда, Пәкістанда, Грузия болдым. Бұрын Қара теңіздің жағасына жиі баратынбыз. Ыстықкөлге де жыл сайын барып тұрамын. Балаларым апарса, барамын. Негізі жас кезімнен Үндістан мен Мысыр елдерінің мәдениетіне қатты қызығып, оқитынмын. Дегенмен қазір “ол елдерде тамақ пен тазалық жағынан қиналып қаласыз” деген кеңестерден соң бармауды жөн көрдім”, – деп қосты ол.
Күнсара әже қазіргі жастардың өте ақылды, талантты екенін алға тартты. Айтуынша, тіпті ақыл айтудың да өзі артық болуы мүмкін.
“Қазіргі жастар өте білімді, өте ақылды. Сондықтан оларға ақыл айту да қиын. Біздің басымыз қартайды. Ал олардың заманы басқа. Өте жылдам даму үстінде. Былтырғы жаңалық бүгін ескіреді. Екі-үш айдан кейін тағы бір жаңалық шығады. Оның соңынан ілесудің өзі қиын. Бірақ қазақтың жастары өте талантты. Күнде көріп отырамын. Шахматта да, күресте де, бокста да, ғылымда да алда жүр. Жаңалық ашып жүрген жастарымыз өте көп. Шетелдерде де қазақтың қыз-жігіттері үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Соған қуанамын. Біз ондай заманға тап болған жоқпыз. Бірақ өз дәуірімізде ешкімнен кем болған жоқпыз. Біреуден артық та, біреуден кем де болмай, ел қатарлы өмір сүрдік. Ал қазіргі талапты жастарға айтарым ең бастысы өздерін күте білу керек”, – деп қорытты әже.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті