"Дос-Мұқасан" ансамблінің марқұм солисінің ұлы Алматыдағы көшелердің біріне әкесінің есімін беруді сұрады
“Дос-Мұқасан” ансамблінің марқұм солисі Бақытжан Жұмаділовтің ұлы әкесінің есімін ел жадында қалдыруға ниетті. Ол Алматыдағы көшелердің біріне өнер иесінің атын беруді сұрап, қазақстандықтарға үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өзін Бақытжан Жұмаділовтің ұлы деп таныстырған азамат Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, көпшіліктен бастамасын қолдауды өтінді. Оның айтуынша, ол бірнеше жылдан бері әкесінің есімін ұлықтауға талпынып келеді. Алайда әр жолы уақыттың, қаражаттың немесе қолдаудың жетіспеуі бұл істі соңына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеген.
“Алты қол алысу теориясы бар. Оған сәйкес, жер бетіндегі кез келген екі адамды орта есеппен бес деңгейлі байланыс тізбегі жалғайды. Менің мақсатым – Алматыдағы көшелердің біріне әкемнің есімін беру. Бақытжан Жұмаділов қазақ мәдениетін әлемдік сахнада танытуға өмірін арнады. Оның есімінің қала картасында пайда болуы – болашақ ұрпақ үшін осы еңбектің әділ бағалануы болар еді”, – деп жазды ол.
Жазба соңында ол қазақстандықтардан үндеуді таратуға көмектесуді сұрады. Егер таныстарының арасында Алматы әкімдігінде жұмыс істейтіндер немесе қала басшылығына ұсыныс жеткізе алатын адамдар болса, тиісті бөлімдердің байланыс нөмірін беруді немесе жазбаны бөлісуді өтінді.
Пікір қалдырған желі қолданушылары автордың бастамасын қолдап, түрлі кеңес айта бастаған. Олардың бірі көшеге Бақытжан Жұмаділовтің есімін беру үшін қандай қадамдар жасалуы мүмкін екенін түсіндірген.
Оның сөзінше, адамның қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі керек. Содан кейін қажетті құжаттарды жинап, әкімдікке есімді тарихи тұлғалар тізіміне енгізу туралы өтініш жолдау қажет. Әрі қарай мемлекеттік орган нақты тәртібін түсіндіреді.
Сондай-ақ ол Алматы қаласы бірнеше ауданға бөлінетінін, әр ауданның өз әкімдігі барын еске салды. Егер нақты көше таңдалса, өтінішті сол ауданның әкімдігіне жолдаған жөн. Бұдан бөлек, өтінішті eOtinish платформасы арқылы беруге болатынын айтты.

Stan.kz тілшісі Бақытжан Жұмаділовтің ұлынан бастаманың жай-күйі туралы пікір сұрады. Оның айтуынша, әкесінің есімін Алматы көшелерінің біріне беру отбасы үшін ғана емес, өнер иесінің шығармашылығын құрметтейтін көпшілік үшін де маңызды.
“Бұл – жай ғана құрмет көрсету емес, тарихи және мәдени жадыны сақтаудың маңызды қадамы. Әкем бүкіл өмірі мен шығармашылық жолын Алматы қаласымен байланыстырды. Дәл осы қалада кезінде бүкіл Кеңес Одағына және одан тыс жерлерге танылған “Дос-Мұқасан” ансамблі қалыптасты. Олар алғашқылардың бірі болып АҚШ-та концерт беріп, халықаралық байқауларда жеңіске жетті. Осы арқылы Қазақстанды, қазақ мәдениеті мен тілін әлемге танытты. Сондықтан күш-жігері мен шабытын арнаған осы қалада бір көшеге оның есімін беру – өте орынды шешім деп ойлаймын”, – деді ол.
Оның сөзінше, Бақытжан Жұмаділов Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі әрі “Дос-Мұқасан”ансамблінің тұрақты әншісі ретінде қазақ музыкасы мен фольклорын заманауи сипатта насихаттауға елеулі үлес қосқан.
“Ансамбльдің музыкасы тұтас бір дәуірдің символына айналды. Оның есімі берілген көше біздің отбасы үшін ғана мақтаныш емес. Бұл – Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына қазақ мәдениетінің алтын қорын қалыптастырған тұлғаларды еске салып тұратын белгі. Әкемнен айырылу біз үшін күтпеген әрі ауыр қаза болды. Бірақ оның дауысы мен әндері әлі де халықпен бірге өмір сүріп келеді”, – деді өнер иесінің ұлы.
Сондай-ақ ол Threads желісіндегі жазбадан кейін Алматы әкімдігінің өкілдері өздері хабарласқанын айтты. Бұған дейін отбасы бұл мәселе бойынша әкімдікке арнайы өтініш жасамаған.
“Жазбадан кейін Алматы әкімдігінен хабарласып, кездесуге шақырды. Қандай құжаттар қажет екенін және рәсімнің қалай жүргізілетінін түсіндірді. Бұл – оңай әрі тез шешілетін мәселе емес, ұзақ уақыт пен көп еңбекті қажет ететін үдеріс. Қазір қажетті құжаттарды жинап, Қазақстан Президентінің атына хат дайындап жатырмын. Сондықтан бұл бастаманың қоғамға кеңінен тарауы мен халықтың қолдауы өте маңызды”, – деді ол.
Бақытжан Жұмаділовтің ұлы әлеуметтік желідегі пікірлер мен қаралымдар әкесінің шығармашылығы әлі де ел жадында екенін көрсеткенін атап өтті. Оның сөзінше, әншіні миллиондаған қазақстандық әлі күнге дейін ұмытпай, құрметпен еске алады.
Бақытжан Жұмаділов кім?
Бақытжан Жұмаділов – кеңестік және қазақстандық әнші, композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол аты аңызға айналған “Дос-Мұқасан” ансамблінің солистерінің бірі болған.
1970 жылдан бастап ансамбль құрамында өнер көрсетіп, Еуропа, Азия және Америка елдерінде гастрольдік сапарларда болған. Сонымен қатар әндер, кітаптар және телевизиялық жобалардың авторы ретінде де танылған.
Бақытжан Жұмаділов 2010 жылғы наурызда 62 жасында жол апатынан қаза тапты.
Тәліптердің билік басына келгеніне 5 жыл: Ауғанстанда не өзгерді?
