Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алдағы демалыс күндері аптап ыстық болып, +43°C-қа дейін көтеріледі

ыстық ауа райы
Фото: magnific.com

25-27 шілде аралығында Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық қайта күшейеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Синоптиктердің болжамынша, 25-27 шілде аралығында Атлантикалық циклон Қазақстанның басым бөлігінде өз ықпалын сақтайды. Соның әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Елдің шығысында нөсер жаңбыр, бұршақ, дауыл, екпінді жел болады.

Ал батыс пен солтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Сонымен қатар Иран аумағынан ыстық ауа массаларының келуіне байланысты еліміздің көп бөлігінде аптап ыстық қайта күшейеді.

Күндізгі ауа температурасы:

  • Батыс пен солтүстік-батыста +38...+43°C;
  • Солтүстікте +30...+35°C;
  • Орталықта +28...+39°C;
  • Оңтүстікте +36...+41°C;
  • Оңтүстік-шығыста +29...+37°C;
  • Солтүстік-шығыс пен шығыста +23...+32°C болады.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте күннің аптап ыстығында көшедегі термометрлер 60 градустан асатын көрсеткішті тіркеп жатқанын жазған едік. Қазақстанның оңтүстігін қамтыған аптап ыстық тұрғындардың күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүрледі. Тіпті қаладағы температураны түсіру үшін өрт сөндіру көліктері көше мен аулаларда су шашуды бастаған. Синоптиктер өңірде күндіз ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін көтерілетінін болжап, тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес берген.

Айым Атамбаева
Жұма, 24 Шілде, 2026 11:28
Талқылау