Алматылықтар автобустардың кешігуі мен түнгі көлік кептелісіне жаппай шағындануда: Әкімдік түсініктеме берді

Алматы тұрғындары қоғамдық көліктің тұрақты кешігуіне және түнгі уақытта пайда болатын ұзын-сонар кептелістерге наразылық білдіруде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қала тұрғындарының айтуынша, түнгі уақытта автобустар жанармай құю бекеттерінде кезекке тұрып, жолдың бір бөлігін жауып қалады. Соның салдарынан басқа көліктердің қозғалысы қиындап, кептеліс пайда болады.
Желі қолданушыларының бірі Райымбек даңғылында автобустар тәулік бойы кезекте тұратынын, бұл жағдай автобус жүргізушілері үшін де қиын екенін айтып дабыл қақты.
Әлеуметтік желілерде алматылықтар қаланың әртүрлі ауданындағы газ құю станцияларында ұзын-сонар кезекте тұрған автобустардың видеоларын жариялап жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, осыған байланысты кейбір бағыттарда қоғамдық көлікті күту уақыты 30–40 минутқа дейін созылған.
Алматылықтар автобустардың кестеден жиі кешігетінін, кей бағыттарда ұзақ уақыт бойы келмейтінін, ал кейін бірнеше автобустың бір мезетте жететінін айтып шағымданды.
Алматы қаласының әкімдігі жекелеген автобус бағыттарындағы қозғалыста уақытша кідірістер бар екенін растады.
Әкімдік мәліметінше, бұған автомобильдік газ толтыру компрессорлық станцияларының (АГТКС) жұмыс істеуі себеп болған. Қазір қаладағы сегіз станцияның тек бесеуі ғана штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Соның салдарынан жұмыс істеп тұрған бекеттерде қоғамдық көліктердің ұзын-сонар кезегі пайда болған.
“Қызмет көрсетуші ұйымдардың мәліметінше, қазір жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Станциялардың бірін 29 шілдеде іске қосу жоспарланған. Барлық АГТКС-тың толық жұмысын 31 шілдеге дейін қалпына келтіру көзделіп отыр. Жолаушылардан уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және сапарды жоспарлау кезінде қозғалыс кестесіндегі ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтаудағы жанармай құю бекеттерінде автогаз тапшылығы сезіліп жатқаны туралы жазған едік.
Дәрігерден медбикеге дейін ақша сұрайды: Қазақстандық келіншектер перзентханадағы былықтарды ашты
Оқыңыз