Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасы іріктеуінің үшінші кезеңіне өтті

“Қайрат” футбол клубы Чемпиондар лигасының 2026-2027 жылғы маусымындағы жорығын жалғастырады. Алматылық клуб қарымта кездесуде Кипрдің “Омониясын” жеңіп, үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қайраттың” негізгі құрамы:
Қақпашы: Темірлан Анарбеков.
Ойыншылар: Александр Мрынский, Александр Мартынович, Лукас Африко, Луиш Мата, Густаво Мендонса, Яакко Оксанен, Дамир Қасабулат, Лев Кургин, Ойва Юккола, Марк Гуаль.
ОқыңызМатч қалай өрбіді?
Кездесудің 26-минутында “Омонияның” шабуылшысы Андроникос Какулис дөрекі ойыны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осыдан кейін 36-минутта “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин екі ойыншыны ауыстырды. Лев Кургин мен Дамир Қасабулаттың орнына Исмаил Бекболат пен Эдмилсон шықты. Бұл шешім бірден нәтиже берді. Алаңға шыққаннан кейін бір минут өтпей Эдмилсон баспен дәл соққы жасап, есеп ашты.
Екінші таймның 72-минутында алаң иелері тағы екі ойыншыны ауыстырды. Густаво Мендонса мен Исмаил Бекболаттың орнына Олжас Байбек пен Азамат Туяқбаев шықты. 77-минутта Яакко Оксанен есепті еселей жаздады. Десе де оның голы офсайдқа байланысты есепке алынбады.
80-минутта “Қайрат” Ойва Юкколаның орнына Мансұр Бірқұрмановты ойынға қосты.
Матчтың соңғы минуттарында алматылықтар қарсылас қақпасына үздіксіз қысым көрсетті. Десе де гол соға алмады. Нәтижесінде негізгі уақыт 1:0 есебімен аяқталып, екі матч қорытындысы бойынша есеп 1:1 болды.
Қосымша уақыт
Қосымша уақыттың бірінші бөлігінің 102-минутында “Қайрат” Лукас Африконың орнына Александр Широбоковты шығарды. 111-минутта "Омонияның" қорғаушысы Сену Кулибали "Қайрат" ойыншысын айып алаңының маңында ереже бұзып тоқтатқаны үшін қызыл қағаз алып, кипрлік клуб тоғыз ойыншымен қалды. Дегенмен қосымша уақытта да есеп өзгерген жоқ.
Пенальти сериясы және Темірлан Анарбековтың рөлі
Пенальти сериясында командалар алғашқы соққыларын сәтті орындады. “Қайрат” сапынан Эдмилсон дәлдік танытса, "Омония" құрамынан Анастасиос Хацинценанис мүлт кеткен жоқ.
Екінші соққыны Яакко Оксанен голға айналдырды. Ал қарсыластың Балковец орындаған добын Темірлан Анарбеков қайтарып, командасына басымдық сыйлады.
Үшінші мүмкіндіктерді Александр Мартынович пен Андреу сәтті пайдаланды.
Төртінші соққыда Олжас Байбек қарсылас қақпашысынан айласын асыра алмады, ал “Омония” өз мүмкіндігін голға айналдырды.
Бесінші және алтыншы пенальтилерді Марк Гуаль мен Азамат Тұяқбаев сәтті орындады. Кипрлік клуб сапынан Косулос пен Кристу да қателеспеді.
Жетінші шешуші соққыда Азамат Тұяқбаев мүлт жібермеді. Ал "Омонияның" соңғы добын Темірлан Анарбеков қайтарып, "Қайратқа" жеңіс сыйлады. Осылайша пенальти сериясы 6:5 есебімен алматылық клубтың пайдасына аяқталды.
Осылайша “Қайрат” Чемпиондар лигасы іріктеуінің үшінші кезеңіне өтті. Келесі айналымда қазақстандық клуб Румынияның “Университатя Крайова” және Болгарияның “Левски” командалары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, бұл жұптағы алғашқы матчта болгариялық клуб 1:0 есебімен жеңіске жеткенеді. Қарымта кездесу 29 шілде күні Қазақстан уақытымен сағат 22:30-да басталды.
Еске салайық, Темірлан Анарбеков былтыр “Қайраттың” негізгі қақпашысы Александр Заруцкий “Селтикке” қарсы сырт алаңдағы ойында жарақат алған соң оның орнын басқан еді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған жас қақпашы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде “Селтикпен” өткен үйдегі матчта пенальти сериясында допты сәтті қайтарып, “Қайратқа” тарихи жеңіс сыйлаған.
Дәрігерден медбикеге дейін ақша сұрайды: Қазақстандық келіншектер перзентханадағы былықтарды ашты