Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір-бірін шапалақпен ұрып, балағаттаған: 19 жастағы екі қазақстандық TikTok-тағы тікелей эфир үшін жауапқа тартылды

Tiktok тікелей эфирі
Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысында 19 жастағы қыз бен жігіт TikTok-ғы тікелей эфирде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Байзақ аудандық сотының мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінде Байзақ ауданының тұрғындары Сарыкемер ауылындағы үйінде "донаттар" алу және аудитория тарту үшін TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде бір-біріне әдейі физикалық зиян келтіріп, бірнеше рет балағат сөздер айтқан.

Құқық бұзушылар өздерінің іс-әрекеттерімен басқаларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Айыпталушылардың кінәсі хаттамалармен, әлеуметтік желідегі мониторинг материалдарымен, азаматтардың түсініктемелерімен және тікелей эфирдегі бейнежазбамен дәлелденді.

19 жастағы қыз кінәсін толығымен мойындап, төмен қаржылық жағдайына байланысты, оған қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындауды сұрады.

Айыпталушы жігіт те кінәсін мойындап, өзіне айыппұл салуды сұраған.

Сот қаулыларымен құқық бұзушылар кінәлі деп танылып, азаматша Б-ға 30 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, ал азамат Т-ға 86 мың теңге көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін үш әйелі барын айтып видео түсірген алматылық блогер жазаға тартылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 20:54