Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш әйелі барын айтып видео түсірген алматылық блогер жазаға тартылды

неке
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде үш әйелі барын айтқан ер адамның видеосы тарады. Ол үш отбасын асырау оңай емес екенін, қаржы жетпейтінін айтқан. Ал бұл адамға қатысты Алматы полициясы шара қолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ер адамның сөзінше, отбасы мүшелері ешкімге зиян келтірмейді, барлығы еңбек етіп, балаларын тәрбиелеп отыр.

Алайда бұл видео желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Бірі мұны көп әйел алуды жария түрде насихаттау деcе, енді бірі бұл олардың ересек адам ретінде жеке таңдауы екенін жеткізді.  

Десе де Алматы полиция бұл жағдайға қатысты шара қабылдады. 

“Әлеуметтік желілерге жүргізілген тексеру барысында Қазақстан заңнамасы мен қоғамдағы жалпыға ортақ моральдық-адамгершілік құндылықтарға қайшы өмір салтын ашық түрде насихаттайтын жарияланымдар анықталды. Жарияланым авторының жеке басы анықталып, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Профилактикалық әңгімелесуден кейін азамат әлеуметтік желідегі даулы материалдарды өз еркімен өшірді”, – делінген хабарламада.

Полиция әлеуметтік желілер қоғамдық ақпараттық кеңістік екенін еске салды. Оған қоса отбасы институтына деген құрметті төмендететін контентті тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкелетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, бір адам бір уақытта тек бір ғана ресми некеде тұра алады. Көп әйел алуға заң жүзінде рұқсат етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Үш әйелі бар блогер мен екінші рет үйленген блогердің мәлімдемесі қоғамда дау туғызған соң, редакция ҚМДБ-дан мұндай некені қиған имамдар анықталып, жазаға тартыла ма деген сауалға жауап сұраған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 10:38
Талқылау