Бір адамға 113 миллион теңгеге дейін: Қазақстанда ұлттық компаниялардың топ-менеджерлеріне былтыр қанша сыйақы берілгені айтылды
Қазақстандағы ұлттық компаниялардың басшыларына 2025 жылы қанша сыйақы төленгені белгілі болды. Қазір елде ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтерді қоса алғанда, 22 ұлттық компания жұмыс істейді. Олар экономиканың негізгі салаларында қызмет етіп, елдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылы ұлттық компаниялардың басшыларына төленген сыйақы көлемі бойынша “Қазатомөнеркәсіп” бірінші орынға шықты. Компанияның атқарушы органында отырған басшыларға бір жыл ішінде жалпы 903,3 миллион теңге төленген.
Екінші орында – “Қазақстан темір жолы” (ҚТЖ). Компания топ-менеджерлеріне жалпы 721,3 миллион теңге сыйақы берген.
Үздік үштікті “ҚазМұнайГаз” аяқтады. Оның атқарушы органы мүшелеріне 519,1 миллион теңге төленген.
Атқарушы орган мүшелеріне төленген сыйақының жалпы көлемі бойынша алғашқы ондыққа мына компаниялар да кірді:
- QazaqGaz – 515,2 миллион теңге;
- “Қазақтелеком” – 504,1 миллион теңге;
- KEGOC – 496,3 миллион теңге;
- “Бәйтерек” ҰБХ – 440,4 миллион теңге;
- Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі – 283,3 миллион теңге;
- “Ұлттық ақпараттық технологиялар” (ҰАТ) – 188,4 миллион теңге;
- “Тау-Кен Самұрық” – 170,9 миллион теңге.
Бұл жерде бір маңызды жайт бар: әр ұлттық компанияның атқарушы органындағы мүшелер саны әртүрлі. Бір компанияда бір ғана басшы болса, енді бірінде олардың саны 10-нан асады. Сондықтан жоғарыда көрсетілген сомалар – бір адамға емес, компанияның барлық атқарушы органы мүшелеріне төленген жалпы сыйақы.

Қай компанияда төлем көбірек өскен?
Атқарушы орган мүшелеріне төленетін сыйақы көлемі дерегі бар ұлттық компаниялардың басым бөлігінде артқан.
Төлем көлемі тек төрт компанияда төмендеген. Оның ішінде:
- “Қазақтелекомда” – 130,5 миллион теңгеге;
- “Қазақстан Ғарыш Сапарында” – 69,2 миллион теңгеге;
- “Қазпоштада” – 26,7 миллион теңгеге;
- Kazakh Tourism-де – 6,2 миллион теңгеге азайған.
Ал сыйақы көлемінің ең жоғары өсімі "Қазатомөнеркәсіпте" байқалды. Бір жыл ішінде компания атқарушы органы мүшелеріне төленетін сыйақыны 226,7 миллион теңгеге немесе 33,5%-ға арттырған.
Сонымен қатар QazaqGaz төлемді 94,5 миллион теңгеге (22,5%), ал "Ұлттық ақпараттық технологиялар" 86,9 миллион теңгеге (85,7%) көбейткен.
Бір топ-менеджерге орта есеппен қанша төленген?
Компанияларды тек жалпы төлем көлемі бойынша салыстыру толық картинаны көрсетпейді. Себебі әр компаниядағы атқарушы орган мүшелерінің саны әртүрлі. Сондықтан бір адамға шаққандағы орташа сыйақы көлемін де қарастырған жөн.
2025 жылы атқарушы органның бір мүшесіне орта есеппен ең жоғары сыйақы төлеген компаниялар:
- “Қазатомөнеркәсіп” – 112,9 миллион теңге;
- KEGOC – 99,3 миллион теңге;
- “Бәйтерек” ҰБХ – 62,9 миллион теңге;
- “ҚазМұнайГаз” – 57,7 миллион теңге;
- Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі – 56,7 миллион теңге.
Мұндағы көрсеткіштер – бір топ-менеджердің орташа жылдық сыйақысы. Демек компаниядағы әр басшы дәл осы соманы алды деген сөз емес. Нақты төлем көлемі атқарушы органның әр мүшесінде әртүрлі болуы мүмкін.

Жалпы, ұлттық компанияларда бір адамға шаққандағы орташа жылдық сыйақы 7,8 миллион теңгеден 112,9 миллион теңгеге дейін болған. Айырмашылық шамамен 15 есеге жетеді.
Есептегенде, бұл бір компанияда топ-менеджердің орта есеппен айына 9 миллион теңгеден астам, ал басқа бір компанияда 500 мың теңгеден сәл ғана жоғары алғанын көрсетеді.
Жалпы 22 ұлттық компанияның 13-інде атқарушы органның бір мүшесіне төленетін орташа сыйақы айына 2 миллион теңгеден жоғары болған.
Айта кетейік, бұған дейін Шығынға батқан Екібастұз ГРЭС-2 “Самұрықтан” қарыз алып, жеті басшыға 350 миллион теңге сыйақы төлегені туралы жазған едік.
Аутист қызметкер Burger King-тегі жанжалдан соң қызметінен кетті: Анасы оның қысым мен буллингке ұшырағанын айтты
