Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасы банк" басқарма мүшелері 2025 жылы 437,7 миллион теңге сыйақы алған

отбасы банк сыйақы

Фото: Отбасы банк баспасөз қызметі

"Отбасы банк" АҚ басқарма мүшелерінің 2025 жылғы қорытындысы бойынша алған жалпы сыйақысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 36,5%-ға өсіп, 437,7 миллион теңгеге жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған банк есебінде 2025 жылы "Отбасы банк" басқармасының құрамында басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова және оның орынбасарлары Әлия Айдарбекова, Нұрлан Ақшанов, Мұхтар Әзімбеков, Эльмира Распекова, Жансұлтан Матай және Ринат Талтусов болғаны көрсетілген. 

Аталған басшылардың барлығы 2025 жыл басталғанға дейін тиісті қызметтерін атқарып келген.

Құжатта әр басшыға нақты қанша сыйақы төленгені көрсетілмеген. Алайда банк бұл соманың әр топ-менеджердің атқарушы орган құрамында нақты қанша уақыт жұмыс істегеніне қарай есептелгенін түсіндірді. Десе де 437,7 миллион теңгені әр басшыға бөлгенде шамамен 62,5 миллион теңгеден келеді.

Бұл ретте есепті кезеңде банктің қаржылық көрсеткіштері де өскен. Аудиттен өткен есепке сәйкес, "Отбасы банктің" 2025 жылғы таза пайдасы 126,4 миллиард теңге болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 120,8 миллиард теңге болған. Осылайша, таза пайда шамамен 4,7%-ға артқан.

2025 жылдың соңында банктің активтері 5,2 триллион теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,28 триллион теңге болған. Ал меншікті капиталы 709,6 миллиард теңгеден 765,5 миллиард теңгеге дейін өсті.

"Отбасы банк" KASE-дегі листингке JSBN тикерімен қатысады. Банктің басқарма төрайымы қызметін Ләззат Ибрагимова атқарып келеді.

Банк өзінің акционері "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіреді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша банктің жалғыз акционері 126,4 миллиард теңге көлеміндегі таза кірісті бөлуді де бекіткен. 100 миллиард теңгеден астамы дивиденд ретінде төленсе, қалған 26,4 миллиард теңге банктің өзінде қалды.

Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша банк басшыларына төленген сыйақы банктің пайдасы мен қаржылық көрсеткіштерінің өсуімен қатар артқан.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 11:28