Ақтауда катер жартасқа соғылып, екі адам көз жұмды
Ақтауда катер жартасқа соғылып, құтқарушылар 21 және 40 жастағы екі адамның денесін теңізден алып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдрламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 30 тамыз күні түнгі сағат 23:00 шамасында болған. Куәгерлер катер жартасқа жоғары жылдамдықпен соғылғанын айтады. Салдарынан катердегі адамдардың жарақаты да ауыр болды деп отыр. Көмекке ұмтылған жігіттер батып жатқан қайықтан бес адамды алып шыққан.
“Бізден көмек сұрады, "осындай-осындай бару керек" деп. Біз бірден айдап кетіп қалдық. Жоғары жылдамдықпен жүретін қайық болатын. Алдынан соққы алған. Барған кезде қайық сол кезде суға батып жаты. Бес адамды шығардық”, – дейді оқиға куәгері Еркебұлан Сардарбеков.
Тағы бір куәгер Ержігіт Тәжімұраттың айтуынша, зардап шеккен адамдарда ашық жарақат болып, сүйектері көрініп жатқан. Олар адамдарды жедел қайыққа отырғызып, медициналық көмек көрсеткен. Кейін рация арқылы жедел жәрдем шақыртқан.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстары үш жарым сағатқа созылып, жағалаудан шамамен 500 метр жерден екі адамның денесін теңізден алып шыққан. Мамандар қайғылы оқиғада көз жұмған екі ер адамның құтқару кеудешесі болмағанын айтып отыр.
“Жалпы Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтарын барлығын үнемі шақырудамыз қауіпсіздік талаптарын сақтауға мына қайықпен серуен кезінде. Жазатайым оқиға орнында жеті адам, жеті адамның ішінде бесеуінде құтқару жилеттері болған, екі адамда құтқару жилеті болмаған”, – дейді Маңғыстау облысы тжд төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Үсенов.
Қазір ауруханада төрт адам жатыр.Дәрігерлер үш науқастың жағдайын ауыр дейді.
“1988, 2002 және 1964 жылғы туған науқастар жалпы жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр, дәрігерлердің бақылауында. Ал 1985 жылы туған науқас травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. 1996 жылы туған науқас дәрігерлердің қажетті медициналық тексерісінен өткеннен кейін амбулаториялық емге жіберілді”, – Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиева.
Полиция "теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу" бойынша іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қайғылы оқиғадан кейін теңіздегі қауіпсіздік күшейтілді. Жағалау аумағында рейд жүргізіліп жатыр. Мамандар серуендеу катерлерін тоқтатып, олардың техникалық жағдайын, жолаушылар саны мен ең бастысы, құтқару кеудешелерінің бар-жоғын тексеруде.
Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді