Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық ер адам әскерге шақыру туралы жалған ақпарат таратты деп жауапқа тартылды

әскери комиссириат
Фото: magnific.com

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде денсаулығында кінәраты бар азаматтар да әскери қызметке міндетті түрде шақырылуы мүмкін деген жалған ақпарат таратқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, 17 шілдеде Алматы тұрғыны Facebook желісінде азаматтардың денсаулығында белгілі бір аурулары болғанына қарамастан, әскери қызметке шақырылуы мүмкін екені туралы бейнежазба жариялаған.

Ақпарат тарағаннан кейін құзырлы органдар бірлесіп тексеру жүргізді. Осылайша, бейнежазбадағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.

2026 жылғы 15 тамызда жалған ақпаратты жариялаған азамат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды.

Әскери қызметке жарамдылық немесе жарамсыздық азаматтың денсаулық жағдайы ескеріліп, медициналық тексеру нәтижесінде анықталады.

Осыған байланысты азаматтарды денсаулық жағдайына қарамастан әскери қызметке шақырады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтыны ескертіледі.

Әскери қызметке шақыру, медициналық куәландырудан өту тәртібі және басқа да мәселелер бойынша ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырады.

Құзырлы органдар азаматтарға әлеуметтік желіде ақпарат таратпас бұрын оның дұрыстығын тексеріп, расталмаған мәліметтерді таратпауға кеңес береді.

Еске салайық, бұған дейін Таразда емтиханнан шыққан жігіттің үш ер адамның күшімен көлікке отырғызылған видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Кейін Жамбыл облысының шақыру комиссиясы оның әскери комиссариатқа мәжбүрлі түрде жеткізілгенін растады. Артынша жігіт мерзімді әскери қызметке өз еркімен баратынын айтып, ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 10:10