Астанада өзін әскери комиссариат қызметкері деп таныстырып, пранк түсірген блогер ұсталды

Әлеуметтік желіде Астанада түсірілген ерекше "пранк" видеосы кеңінен тарады. Видеода блогер көшедегі жас жігітке өзін әскери комиссариат қызметкері деп таныстырып, оны қорқытпақ болады. Алайда бұл әзіл полицияның назарын аударып, оқиға әкімшілік жауапкершілікке ұласты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеоны Біржан Әубәкіров есімді блогер жариялаған. Кадрларда жас жігіт орындықта отырған сәтте, артынан полиция формасын киген ер адам келіп, оның көзін алақандарымен жауып, өзінің кім екенін табуды сұрайды. Жас жігіт өз достарының аттарын атай бастайды.
Блогер "военкоматтан" екенін айқтаннан кейін жас жігіт орнынан атып тұрып, қаша жөнеледі. Ал полиция формасындағы блогер оның соңынан қуады. Екеуі қоршаудан секіріп өтеді, өзен бойымен жүгіріп бара жатқанда жігіт суға секіріп кетеді.
Полиция формасындағы ер адамның рөлін блогердің өзі – Біржан Әубәкіров сомдаған.
Аталмыш пранк полицияның назарын аударды.
"Осы дерек бойынша құқық бұзушы анықталды. Оның әрекетіне қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар азаматтардың өміріне қауіп төндіру және арнайы нысанды айырым белгілері бар киімді заңсыз кию деректері де ескерілді", – деп хабарлады Байқоңыр ауданының полиция басқармасы.
Құқық бұзушы уақытша ұстау камерасына қамалып, іс материалдары әкімшілік сотқа жолданған.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда адамдарды рұқсатсыз фото-видеоға түсіруге, пранк жасауға тыйым салу ұсынылған еді.
Оқыңыз