Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімдерді аттестаттау жүйесі өзгеріп, Энрике Иглесиас концерт береді: 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді?

қыркүйек
Фото: Stan.kz

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Мектеп оқушылары жаңа оқу жылын бастайды, бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алып тасталады, мұғалімдерді аттестаттау жүйесі өзгереді. Сонымен қатар зейнетақы жинағын басқару мүмкіндігі кеңейіп, 2%-дық ипотекаға қойылатын талап қатаңдайды. Осы ретте Stan.kz қыркүйекте қазақстандықтарды тағы қандай жаңалық күтіп тұрғанын шолып шықты.

Күздің алғашқы күнінен бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Ең басты жаңалықтардың бірі жаңа оқу жылының басталуы. 2026-2027 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.

Бірінші тоқсан сегіз оқу аптасына созылады. Күзгі демалыс 26 қазаннан 1 қарашаға дейін, ал қысқы демалыс 28 желтоқсаннан 10 қаңтарға дейін жалғасады. Бірінші сынып оқушыларына 8-14 ақпан аралығында қосымша демалыс беріледі.

Мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесіне көшу басталады

2026-2027 оқу жылы мұғалімдерді аттестаттаудың жаңартылған жүйесіне көшу кезеңі болады.

Кейбір педагогтер жаңа тәртіппен аттестациядан өтіп, білімді бағалау тестін қайта тапсырудан босатылуы мүмкін.

Жаңа жүйені толық енгізу 2027 жылға жоспарланған. Онда мұғалімнің тест нәтижесінен гөрі практикалық жұмысына, оқушылардың жетістіктеріне, сабақ сапасы мен тәрбие жұмысына көбірек мән беріледі.

аттестация
Фото: magnific.com

Оқушылардың медициналық тексеруі жаңа форматта өтеді

1 қыркүйектен бастап денсаулық сақтау министрлігі ел мектептерінде профилактикалық медициналық тексерулер мен мектеп медицинасын жаңартылған форматта кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.

Балаларды тексеру кезінде электрокардиографтар, пульсоксиметрлер, отоскоптар және басқа да цифрлық диагностикалық құрылғылар кеңірек қолданылады.

Балалардың денсаулығына қатысты ақпарат денсаулық сақтау жүйелерінде жинақталып, электронды денсаулық паспорты қалыптастырылады. 

балалар оқушы
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Сабақ кезінде телефон қолдануға бола ма?

Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынады.

Тек оқу жоспарына сәйкес телефон пайдалану қажет болған жағдайда ғана ерекшелік қарастырылған.

Сонымен қатар әр мектеп сабақ уақытында телефондарды қайда және қалай сақтау тәртібін өз бетінше белгілейді.

оқушылар телефон
Фото: freepik.com

Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алып тасталады

Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді.

Негізгі назар баланың жиі бағалануына емес, оқу материалын қаншалықты түсінетініне және алған білімін іс жүзінде қолдана алуына аударылады. Сонымен қатар 8-9-сыныптарда "Қазақстан географиясы" аптасына екі сағат оқытылады. Құқықтық тәрбие де күшейтіледі. Мәселен, 5-7-сыныптарда "Конституция негіздері", ал 8-11-сыныптарда "Заң және тәртіп" курстары енгізіледі. Бұдан бөлек, әскери-патриоттық клубтар, үйірмелер мен бейінді сыныптар "Жас айбын" деген бірыңғай мәртебеге біріктіріледі.

бастауыш сынып
Фото: Ақорда

Кей қазақстандықтар 270.00 декларациясын тапсыруы керек

15 қыркүйекке дейін бірқатар қазақстандық 2025 жыл бойынша 270.00 нысанын тапсыруға міндетті. Декларацияда шетелдегі үй, жер және басқа мүлік, сондай-ақ жыл ішінде 20 000 МРП-тан (шамамен 78 миллион теңге) асатын ірі сатып алулар көрсетілуі керек. Оған көлік, жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, компаниядағы үлес және инвестициялық алтын да кіреді. Декларация тапсыруға тиіс азаматтардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, компания басшылары, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, цифрлық актив иелері және басқа да санаттар бар.

декларация
Фото: magnific.com

7 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағын басқару мүмкіндігі кеңейеді

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан бөлігінің 100%-ына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50%-бен шектелген еді.

Егер салымшы ешқандай өтініш бермесе, оның зейнетақы жинақтары бұрынғыдай Қазақстан ұлттық банкінің басқаруында қалады. Жеке басқарушыға жинақтарын бермес бұрын тәуекелдерді ескерген жөн. Жеке басқарушының инвестициялық нәтижесіне байланысты мемлекеттік кепілдік Ұлттық Банк басқаруындағы жинақтарға қолданылатын тәртіптен өзгеше болады. Қазір зейнетақы активтерін басқаруға Alatau City Invest, BCC Invest, Halyk Finance, "Сентрас Секьюритиз" және Tansar Capital компанияларының лицензиясы бар. Сондай-ақ Halyk Global Markets зейнетақы активтерін басқаруды тоқтататынын мәлімдеген.

Бірақ маңыздысы басқарушы компанияның бұрынғы табысы болашақтағы кіріске кепілдік бермейді. Сондықтан зейнетақы жинағын кімге сеніп тапсыратыныңызды мұқият таңдаған жөн.

зейнетақы
Фото: magnific.com

2%-дық ипотекаға қойылатын талап өзгерді: Енді бәрі бірдей ала алмайды

14 қыркүйектен бастап Қазақстанда 2%-дық жеңілдетілген ипотекаға үміткерлердің қатары қысқарады. Бұған дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың барлығы белгілі бір табыс талаптарына сай болса, жеңілдетілген несиеге қатыса алатын. Енді 2%-дық ипотека негізінен әлеуметтік осал санаттарға ғана беріледі.

Олардың қатарында:

  • Ардагерлер
  • жетім балалар
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар
  • жесірлер, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар бар.

Ал 5%-дық "5-10-20" бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар бұрынғыдай қатыса алады. Бірақ бұл жерде маңызды өзгеріс бар. Отбасы табысына қойылатын шектеу алып тасталады. Яғни, бұрын табысы белгіленген межеден асып кеткен азаматтар бағдарламаға қатыса алмаса, енді бұл талап қолданылмайды.

Сонымен қатар 2-10-20, 5-10-20 және 7-20-25 бағдарламалары бойынша несие рәсімдеу кезінде азаматтың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстандағы еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысы есепке алынады.

ипотека
Фото: magnific.com

Қазақстанда жасанды интеллект бойынша алғашқы зерттеу университеті ашылады

Қазақстанда жасанды интеллектке маманданған алғашқы зерттеу университеті ашылады. Qazaq AI Research University Астанадағы EXPO аумағында, Alem.ai базасында орналасады.

Университеттің басты мақсаты – AI сервистерін жай ғана қолданатын емес, жасанды интеллектіні өзі жасайтын инженерлерді даярлау.

Бакалавриатта негізгі Artificial Intelligence and Machine Learning бағдарламасы ұсынылады. Студенттер бес бағыттың бірін таңдай алады:

  • Generative AI; 
  • Computer Vision; 
  • Advanced NLP; 
  • Data Engineering; 
  • AI Product Management. 

Ал магистратурада AI + X бағыты бойынша қаржы, энергетика, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және өнеркәсіп салаларына арналған AI мамандары даярланады. Бұдан бөлек, университет Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence-мен бірлесіп бір жылдық Executive MBA және екі жылдық MBA бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр.

жасанды интеллект университеті
Фото: magnific.com

Қазақстанда төрт мобильді қосымшаға ресми мәртебе беріледі

5 қыркүйектен бастап Қазақстанда әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшалардың ресми тізімі күшіне енеді. Тізімге төрт қосымша кірді:

  • eGov Mobile
  • eGov Business
  • Aitu Superapp
  • Enbek

Тізім 2026 жылғы 21 тамыздағы бұйрықпен бекітілген.

Шетелдегі қазақстандықтар паспортты қалай рәсімдейді?

1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген қазақстандықтар үшін паспорт рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді құжатты елшілік пен консулдық арқылы рәсімдей алатын азаматтардың нақты санаты белгіленеді.

Олардың қатарында шетелде тұрақты тұратын азаматтар, студенттер, еңбек шартымен жұмыс істейтіндер, шетелде туған кәмелетке толмағандар, қарттар және мүгедектігі бар азаматтар бар.

Паспортты рәсімдеу мерзімі дипломатиялық өкілдіктің цифрлық жүйеге қосылған-қосылмағанына қарай 40 жұмыс күнінен 90 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін.

БАД-тарға (биологиялық белсенді қоспалар) міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі

Қазақстанда өндірілген немесе 1 қыркүйектен кейін елге әкелінген биологиялық белсенді қоспаларға Data Matrix коды қойылуға тиіс. Бұл талап витаминдерге, минералды кешендерге, өсімдік сығындыларына, сироптарға және БАД ретінде тіркелген басқа да өнімдерге қатысты.

Цифрлық код арқылы тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап сатылғанға дейінгі жолын бақылауға болады. Ал бұрын өндірілген және таңбаланбаған БАД қалдықтарын жарамдылық мерзімі аяқталғанша сатуға рұқсат беріледі. БАД-тарды толық бақылау жүйесін 2027 жылғы 1 наурыздан бастап іске қосу жоспарланған. Шыны бөтелкедегі сыраға да Data Matrix коды қойылады. 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда өндірілген немесе импортталған шыны бөтелкедегі сыра мен сыра сусындары міндетті цифрлық таңбалауға жатады.

Сыраны таңбалау кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Кегтегі өнімдерге талап 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енсе, енді кезек шыны бөтелкелерге келді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап талап алюминий банкалардағы өнімдерге де қолданылады.

Бадтар
Фото: onclinic.ua

Автокөлік майлары мен техникалық сұйықтықтарға бақылау күшейеді

Қыркүйектен бастап міндетті цифрлық таңбалауға тауар номенклатурасының тағы 14 коды қосылады. Олардың қатарында майлау материалдарының кейбір түрлері, техникалық майлар және арнайы автокөлік сұйықтықтары бар.

Талап негізінен өндірушілерге, импорттаушылар мен сатушыларға қатысты. Қарапайым жүргізушілерге қосымша міндет жүктелмейді. Тоңазытқыш, кір жуғыш машина және теледидар бақылауға алынады.

1 қыркүйектен бастап ЕАЭО аумағына импортталған кейбір тұрмыстық техниканың қозғалысын бақылау жүйесі іске қосылады.

Тізімге тоңазытқыштар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналар және теледидарлар сияқты тауарлар кіреді. Кәсіпкерлер бұл өнімдер бойынша электронды шот-фактуралар мен "Виртуалды қойма" арқылы ілеспе құжаттарды рәсімдеуге тиіс.

Қарапайым сатып алушыларға ешқандай қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.

автокөлік майы
Фото: magnific.com

Көліктерге экологиялық тексеріс енгізіледі

Алматыда 1 қыркүйектен бастап көліктерге экологиялық тексеріс енгізіледі. Бензин, газ және дизельмен жүретін көліктер шығарындылар нормасына сәйкестігі бойынша тексеріледі.

Маңыздысы, көлік иелеріне тексерісті мерзімінен бұрын өту қажет емес. Талап 1 қыркүйектен кейін кезекті техникалық байқау мерзімі келген көліктерге қатысты болады. Экологиялық тексеріс тек аккредиттелген арнайы станцияларда жүргізіледі. Онда бензин және газ көліктерінің шығарындыларының уыттылығы, ал дизель көліктерінің түтіндігі өлшенеді.

Алматылықтар техникалық байқау мен экологиялық тексерісті бір станцияда қатар өте алады.

экопост
Фото: Алматы әкімдігі

Видеобақылау камераларына бірыңғай талап енгізіледі

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптар күшіне енеді. Жаңа ұлттық стандарт ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және қайта жаңарту кезінде орнатылатын камераларға қатысты болады.

Құжатта камералардың ең төменгі техникалық сипаттамалары, түрлері, орналасуы және пайдалану талаптары белгіленеді. Камералар алғаш рет атқаратын қызметіне қарай жіктеледі: сыртқы аумақты бақылауға, ғимарат ішін бақылауға, адамдарды анықтауға, автокөлік нөмірлерін тануға және басқарылатын камераларға бөлінеді.

Сондай-ақ бейнебақылау жүйелері үздіксіз бейнежазба жүргізіп, ақпаратты өңдеп, деректерді кемінде 30 тәулік сақтауы тиіс. Қажет болған жағдайда бет-әлпетті, көлік нөмірлерін танитын және түрлі оқиғаларды тіркейтін интеллектуалды бейнеаналитиканы қолдануға мүмкіндік беріледі.

Алайда бұл талап 1 қыркүйектен бастап барлық қазақстандықтар камера орнатуға міндетті дегенді білдірмейді. Стандарт негізінен жаңадан жобаланатын, салынатын немесе қайта жаңартылатын нысандардағы бейнебақылау жүйелеріне қойылатын ортақ талаптарды белгілейді.

бейнекамера
Фото: magnific.com

Қазақстанда бұралқы мысықтар мен иттерге қатысты ереже өзгереді

2026 жылғы 4 қыркүйектен бастап Қазақстанда бұралқы жануарларды ұстағаннан кейінгі тәртіп өзгереді. Ең бастысы, мысықтар мен иттерді ұйықтату талаптары екі түрлі болады.

Бұралқы мысықтарды санын реттеу үшін енді ұйықтатуға болмайды. Жануардың ауырып қалуы, агрессия танытуы, жаңа иесінің табылмауы немесе паналайтын жерінің болмауы да жансыздандыруға негіз болмайды. Яғни, ұсталған мысықты ешкім алып кетпесе, оны тек осы себеппен ұйықтатуға рұқсат жоқ.

Алайда жануарды ұстау немесе серуендету талаптарының бұзылуы салдарынан мысық адамға орташа немесе ауыр дәрежеде зиян келтірсе, ерекше жағдайда эвтаназия қолданылуы мүмкін.

Ал бұралқы иттерге талап басқа. Оларды санын реттеу мақсатында эвтаназиялауға бұрынғыдай рұқсат беріледі. Сондай-ақ ит ауырса, агрессия танытса, иесі табылмаса немесе белгіленген мерзім өткеннен кейін ешкім алып кетпесе, ұйықтатылуы мүмкін.

Ттті ұстау немесе серуендету ережесінің бұзылуы салдарынан адамға орташа немесе ауыр зиян келтірілсе, эвтаназия міндетті түрде жүргізіледі.

бұралқы ит пен мысық
Фото: lowes.com

Энрике Иглесиас Қазақстанда екі концерт береді

Әлемге әйгілі испаниялық әнші Энрике Иглесиас қыркүйек айының басында Қазақстанда екі рет өнер көрсетеді.

3 қыркүйекте Астанадағы "Астана Аренада", ал 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда концерт береді. Билет бағасы 55 мың теңгеден басталады. Билеттер қайтарылмайды.

энрике иглесиас
Фото: Ticketon.kz

 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 09:30