Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Ресейді Қазақстанның басты инвестициялық және сауда серіктесі деп атады

Тоқаев пен Путин
Фото: Ақорда

Қырғызстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастық қарқынды сипат алғанына назар аударды.

Владимир Путин Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға байланысты көптеген мәселені шешуге бағытталған стратегиялық бағдары кеңінен қолдау тапқанын растайды.

Мемлекет басшысы Ресей басшысына ризашылығын білдіріп, конституциялық реформа аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
 

“Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын”, – деді Тоқаев.

Айтуынша, Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Ол екі ел арасында сауда-саттық өткен жылдан өсіп, тез дамып келе жатқанын атап өтті. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала беретінін айтты.

Владимир Путин екіжақты қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын жоғары бағалады
 

“Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалады. Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар. Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Өзара уағдаластықтарды бұлжытпай орындағаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Әсіресе, гуманитарлық саладағы байланыстарымыздың жандана түскені қуантады”, – деді Ресей басшысы.

Путин қазақстандық 60 мың студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жүргенін айтады. Жуырда Омбыда Қазақстанның оқу орнының филиалы ашылды. Барлық мәселе бойынша өзара түсіністік орнаған дейді.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективасын, сондай-ақ өзара мүддеге сай келетін салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады.

Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 08:43